Жаңалықтар

«Қажымұқан» фильмі варшавалық көрерменге таныстырылды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Польша астанасы Варшавада режиссер Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды.

Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, қоғамдық-саяси және бизнес қауымдастықтарының жетекшілері, сондай-ақ қазақстандық диаспора мен Варшавадағы қазақ студенттері қатысты.

«Қажымұқан» туындысы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Бұл фильм қазақ халқының атақты балуаны, әлемге танымал спортшы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен ерлігіне арналған. Қажымұқан – қазақ халқының спорттық және ұлттық қаһарманы, классикалық күрестен әлем чемпионы болған тұлға.
Фильм 2024 жылы кинопрокатта жарық көрді. Көрерменнің көзайымы болған картинада Қажымұқанның балуандық жолы, оның спорттағы жетістіктері сондай-ақ қазақ халқының өмірі суреттеледі.

Айта кетейік, «Қажымұқан» фильмі Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық кинофестивальде жетістікке қол жеткізді. Фестивальдің ең басты марапаттарын: Гран-при – «Ең үздік фильм», «Үздік басты рөл» жүлдесін – актер Ербол Төлепберген иеленді. Бұған дейін кино Италияда өткен XXIX Халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде де жоғары бағаланып, бірнеше марапатқа ие болды.

Варшавалық көрермендер фильмді жылы қабылдап, актерлардың шеберлігін және Қажымұқан тұлғасының Қазақстанның ұлттық сана-сезімін қалыптастырудағы маңызына тоқталды.