Жаңалықтар

Мәскеуде қазақ киносының күндері өтуде

Мәскеуде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ресей Федерациясындағы Елшілігі және Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау орталығының ұйымдастыруымен қазақ киносының күндері басталды. «Қазақ киносы: Азия және Еуропа синтезі» тақырыбындағы шара Мәскеу көрме кешеніндегі «Қазақстан» павильонында өтуде. Шара заманауи қазақ киносымен танысуға келген отандастармен қатар Ресей астанасының тұрғындары мен қонақтарының басын қосады.
Шара барысында көрермендер қазақстандық режиссерлердің соңғы жылдары түсірілген тың туындыларын тегін тамашалай алады. Олардың қатарында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығы қолдаған «Дос Мұқасан», «Боксер», «Патриоттар уақыты», «Операция Набат», «Қажымұқан» фильмдері бар.

Шараның ашылуында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев бұл екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын дамытуға үлес қосатын бастама екенін алға тартты. Ал Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Ресейдегі елшілікке алғыс айтты.
«Мәдениет пен руханиятта шекара болмайды. Ел мен елді етене жақындастыратын да мәртебелі өнер. «Қазақ киносы: Азия мен Еуропаның синтезі» деуіміз де бекер емес. Сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырған фильмдер мықты режиссер мамандарымыздың түсірген жаңа картиналары. Сондықтан көңілдеріңізден шығады деп үміттенемін. Осынау жиынды ұйымдастырып, басқосуға ұйытқы болып отырған елшілікке алғыс айтамын!», – деді Қ.Жұмағали.