Жаңалықтар

«Алтын адам» Hiroshima Animation Season 2026 фестиваліне қатысуда

«Алтын адам» анимациялық фильмі Жапонияның Хиросима қаласында өтіп жатқан Hiroshima Animation Season 2026 халықаралық анимация фестивалінің байқау бағдарламасында Қазақстанның атынан қатысуда.

19-23 тамыз аралығында өтетін фестиваль – Жапониядағы «Оскар» сыйлығына іріктеу мәртебесіне ие жалғыз анимациялық фестиваль. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын Hiroshima Animation Season әлемнің әр түкпірінен режиссерлерді, продюсерлерді және анимация студияларын бір алаңға тоғыстырады. Фестиваль әсіресе Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі анимация өнерінің дамуына айрықша көңіл бөледі.
«Алтын адамның» фестивальдің байқау бағдарламасына енуі – отандық анимация үшін елеулі жетістік. Бұл – қазақстандық туындыны халықаралық кәсіби ортаға таныстырып, қазақ анимациясының мүмкіндігін көрсетуге жол ашатын маңызды алаң.

Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы режиссерлік еткен анимациялық фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Фильм көрерменді ежелгі сақтар дәуірінің тылсым әлеміне жетелейді. Басты кейіпкер – Өмір отын іздеп, Хан Тәңірінің шыңына бет алған қайсар жауынгер. Туындының өзегіне Алтын адамның бейнесі арқау болған. Фильмде ол ішкі қуаттың, ерліктің және туған жерге деген адалдықтың символы ретінде жаңаша сипат алады.

«Алтын адам» 2D форматында жасалған. Шытырман оқиға мен экшн элементтерін фэнтези жанрымен сабақтастырған картина Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын заманауи анимация тілімен жеткізеді.