«Капитан Байтасов»: 23 қазаннан бастап прокатқа шығады
2025-10-20 18:07
23 қазанда шынайы оқиғаға негізделген «Капитан Байтасов» көркем фильмі кең көлемде прокатқа шығады. Бұл жоба драма мен экшн жанрындағы көрерменді терең ойға жетелейтін кино. Фильмде ерлік пен адамгершілік, ар мен намыс көрініс табады.
Фильм режиссёрі Даурен Қамшыбаев. Бұл оның толықметражды туындысы. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асқан бұл жобаны «Қазақфильм» киностудиясы таспалады. Фильм 2023 жылғы ұлттық киножобалар питчингінің жеңімпазы атанған болатын.
«Қоғамдағы оқыс оқиғалар ерлік пен өрліктің соғыста ғана жасалмайтынын, адам өміріне қауіп төнгенде қатермен бетпе-бет келіп, одан арашалайтын ерлердің арамызда жүргенін паш етеді. 2011 жылы Тараздағы оқиғада қаза тапқан Ғазиз Байтасовқа арналған кинокартина да ерлікті баяндайды. Мұндай туынды сәтті шығып, көрерменнің жүрегінен орын алады деп ойлаймын. Жуырда еліміздің барлық кинотеатрларынан «Капитан Байтасов» фильмін көре аласыздар», – дейді«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильм 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған қайғылы жағдайды көрсетеді. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етіп, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалды. Батырдың бұл ерлігі ел есінде мәңгі сақталып, отансүйгіштіктің, парыз бен адалдықтың символына айналды.
Бұл кинода Ғазиз Байтасовтың рөлін Азамат Сатыбалды сомдады. Актердың айтуынша, ол Байтасовтың болмысын біраз зерттеген. Тіпті, Алматы көшелеріне шығып, қоғамдық тәртіпті қадағалаған. Сондай-ақ кинода танымал актерлар Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат және Самал Еслямованы да көрермен үлкен экраннан көретін болады.
Фильмнің таныстырылымына батырдың ұлы Әділжан Байтасовта қатысты. Ол сценарий жұмысына атсалысып, әкесінің тұлғасын барынша шынайы көрсетуге көмектескен.
Киноны өткізіп алмаңыз! Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі жайында «Капитан Байтасов» 23 қазаннан бастап барлық кинотеатрларда!