Киножобалар конкурсы: сарапшылар бірінші кезеңнің қорытындысын шығаруда
2026-04-13 18:02
Мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларға арналған конкурстың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Қорытынды шығару мақсатында Алматы қаласында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің қатысуымен Сараптама кеңесінің отырысы өтті.
Сценарийлер қарауға түскен сәттен бастап, Кеңес сарапшылары әрбір жобаны мұқият зерделеп, көркемдік деңгейін, өзектілігін, идеясының тереңдігін және көрерменнің сұранысына сәйкестігін жан-жақты талдады. Кешенді бағалау нәтижесінде конкурстың екінші кезеңіне өтетін жобалар анықталады.
Биыл конкурсқа 323 өтінім келіп түсті. Техникалық тексеру қорытындысы бойынша 277 жоба сараптамалық бағалауға жіберілді.
Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов ұсынылған жұмыстардың мазмұндылығы мен бірегейлігінің маңыздылығын атап өтті:
«Ұлттық кино қоғамның құндылықтарын, дүниетанымын және мәдени болмысын көрсетуі тиіс. Сценарийлерді бағалау кезінде біз тек идеяға ғана емес, драматургия сапасына, құрылымның тұтастығына және авторлық қолтаңбаның ерекшелігіне де назар аударамыз. Бүгінгі таңда қалыптасқан шаблондардан бас тартып, жаңа көзқарас ұсыну аса маңызды. Қуантатыны — ұсынылған жобалар арасында қызықты тәсілдер мен тың идеялар бар».
Кино орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали конкурс кинематографистер арасында сұранысқа ие екенін атап өтті:
«Әрбір өтінім — авторлардың отандық киноны дамытуға деген ұмтылысының көрінісі. Биыл біз идеялардың алуан түрлілігін және жобалар деңгейінің артқанын байқап отырмыз. Біздің ортақ міндетіміз — барлық жұмыстарды объективті бағалап, сапалы мәдени өнім жасауға қабілетті жобаларды қолдау».
Кездесу барысында Сараптама кеңесінің мүшелері қазіргі көрерменді үстірт немесе шаблонды фильмдермен таңғалдыру қиын деген ортақ пікірге келді. Сондықтан көрерменді қызықтырып, ой салатын және әсер қалдыратын жобаларға басымдық беру маңызды.
Жақын уақытта бірінші кезеңнің қорытындысы шығарылып, екінші кезеңге өткен жобалардың тізімі жарияланады.