Жаңалықтар

Назар аударыңыз! Питчинг!

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2025 жылғы киножобалар питчингінің уақытын хабарлайды.

Іріктеудің екі кезеңінен сәтті өткен жобалар үшін ашық қорғау 9-12 маусым аралығында Алматы қаласында өтеді. Барлық процесс Кино орталығының ресми YouTube-каналында онлайн-режимде көрсетілмек.

Еске сала кетейік, конкурстық іріктеудің бірінші кезеңі бойынша құжат қабылдау 13 наурызда аяқталған болатын. Биыл анимациялық, деректі және көркем фильмдердің әртүрлі секцияларына біршама өтінім келіп түсті.

Жалпы тіркелген сценарийлер мен сценарий жоспарларының саны – 444. Сараптама кеңесінің қарауына 357 жоба ұсынылды. Оң қорытынды алған 128 сценарий мен сценарий жоспары екінші кезеңге өтті.

Екінші кезеңде қатысушылар толық құжаттар пакетін тапсырды. Нәтижесінде 99 жоба питчингке жолдама алды. Алдағы уақытта ашық қорғау барысында жобалар Сараптама кеңесіне таныстырылады.

Бұл ретте Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Сараптама кеңесінің мүшелері барлық қатысушыларды жоғары дайындықпен қарсы алуға дайын. Отандық киноның дамуына үлес қосып жатқан барша шығармашыл топтарға сәттілік тілейміз!
Ашық қорғау кестесі мына сілтеме бойынша қолжетімді.