Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті
2025-09-22 14:52
Астанада «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали 2025 жылғы питчинг сынынан сүрінбей өткен ашық конкурс жеңімпаздарымен кездесті. Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, оған Сараптамалық кеңес мүшелері мен Орталық мамандары қатысты. Жиында отандық киноиндустрия алдында тұрған басты міндеттер мен басым бағыттар талқыланды.
Биылғы байқауға жалпы 444 өтінім тіркелді. Соның ішінде 16 жоба мемлекеттік қолдауға лайық деп танылды. Олардың қатарында үш дебюттік жұмыс және Тайландпен бірлескен киножоба бар. Бұл қазақстандық авторлардың халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін және шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып отырғанын көрсетеді.
Кездесу барысында Орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали – «Сапалы фильм түсіру - басты талап. Конкурста жеңіске жеткен жоба жетекшілерінің кино өндірісінің алғашқы сатысынан бастап, экран арқылы көрерменге жету кезеңіне дейін әр қадамы мен жоспары нақты болуы тиіс. Яғни өндірістік процестен бастап, маркетинг пен дистрибуцияға, халықаралық кинонарыққа шығу жолдарына дейінгі іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуы шарт. Түсірілетін фильмдерде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту, отансүйгіштік пен мәдени мұраға деген құрметті насихаттау маңызды» - екендігін атап өтті.
Мұндай кездесулер мемлекет, сарапшылар және шығармашылық ұжымдар арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік беріп, отандық киноөндірістің дамуына және қазақстандық киноның ілгерілеуіне ықпал етеді.