Стокгольм қаласындағы Grand кинотеатрында Азия кинофестивалі (Asiatiska Filmfestivalen) аясында қазақстандық «Qaitadan» фильмінің көрсетілімі өтті. Картина Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Көрсетілімді Қазақстан Республикасының Швециядағы Елшілігі «Достар» қазақстандық қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара швед көрермендерін заманауи қазақ киносымен таныстыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Швеция арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталды.
Көрсетілімге дипломатиялық корпус өкілдері, қазақ диаспорасы және швед көрермендері қатысты. Фильм көрсетілімінен кейін кино мамандары, режиссерлер мен көрермендер фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. «Qaitadan» фильмінің көрсетілімдері бұдан әрі Умео және Уппсала қалаларында да өтеді.
«Qaitadan» — режиссер Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі. Картина мемлекеттік қолдаумен түсірілген қазақстандық фильмдер арасында отандық прокатта 1 миллиард теңге межесінен асқан алғашқы туынды атанды.