Меморандум аясындағы нақты қадам: Қазақстанда өзбекстандық тарихи фильмнің түсірілімі өтті
Қазақстанда Өзбекстанның Деректі және шежірелік фильмдер киностудиясы түсіріп жатқан «Высок, как Памирские горы» атты тарихи көркем-публицистикалық фильмнің түсірілімі өтті. Жоба 2025 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігі арасында жасалған киноиндустрия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Картина «Тірі тарих» атты ауқымды жоба аясында түсірілуде. Фильмнің авторы – Шойим Бүтаев, режиссері – Навруза Бийназова. Туынды өзбек әдебиетінің классигі Абдулла Қадыри мен қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің тағдырлары мен шығармашылық жолдарының тоғысына арналған.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы фильм түсіріліміне ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті. Түсірілім тобының бағытына Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасына қатысты тарихи орындармен қатар, өңірдің көркем табиғаты мен ерекше локациялары да енді.
Фильмді әзірлеуге Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми және әдеби қауымдастық өкілдері атсалысуда. Олар қос қаламгердің шығармашылық мұрасы, ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесі және Орталық Азияның мәдени кеңістігіндегі орны туралы ой бөлісті.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайтып, бірлескен киножобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.