Қазақстандық фильм беделді халықаралық кинофестивальдің байқау бағдарламасына енді
2025-10-30 14:31
Режиссер Жаннат Алшанованың дебюттік фильмі «Победителей видно на старте» беделді Таллинн халықаралық «Қара түндер» кинофестивалінің (Tallinn Black Nights Film Festival, PÖFF) Baltic Competition атты байқау бағдарламасына енді. Киноны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Accidental Films» киностудиясы түсірген болатын.
Картина Франция (Films de Force Majeure), Нидерланд, (Volya Films), Литва (M-Films) және Швециямен (Kjellson & Wik) бірлескен халықаралық копродукцияда түсірілген, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің қолдауына да ие болды.
Фильм 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасын баяндайды. Ол ашық суда жүзу командасына қосылуға шешім қабылдап, тәуелсіздікке ұмтылады және отбасындағы келеңсіз жағдайдан құтылғысы келеді. Алайда мәреге жақындаған сәтте оның өмірін түбегейлі өзгертетін таңдау жасауына тура келеді.
Басты рөлдерді Тамирис Жангазинова (Мила), литвалық актер Валентин Новопольский, сондай-ақ Әсел Қалиева мен Медина Сағындықова сомдаған.
Түсірілім 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында Алматы мен Алматы облысында өтті. Постпродакшн кезеңі 2025 жылдың жазында Франция, Нидерланд және Швецияда қатар жүргізіліп аяқталды.
«Победителей видно на старте» фильмінің әлемдік премьерасы 2025 жылдың тамыз айында Еуропаның ең беделді кинофестивальдерінің бірі – Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Кейін картина Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілді.
Фильмнің Балтық аймағындағы премьерасы 19 қарашада Таллинн халықаралық «Қара түндер» кинофестивалінде (PÖFF) өтеді. Бұл фестиваль Халықаралық кинопродюсерлер федерациясының (FIAPF) «А» класындағы ресми фестивальдерінің тізіміне кіреді.
PÖFF фестивалі авторлық киноға деген ерекше ықыласымен танымал және жаңа есімдерді ашуға, сондай-ақ фильмдерді әлемдік нарыққа шығаруға маңызды алаң болып саналады.