Жаңалықтар

«Алтын адам» анимациялық фильмі Иорданияда жүлделі болды

Қазақстандық «Алтын адам» анимациялық фильмі Иорданияда өткен IV Халықаралық балалар кинофестивалінде көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алды.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы, сценарий авторлары – Әннас Бағдат пен Ұларбек Нұрғалым.

Аталған фестиваль 15-21 тамыз аралығында Иорданияның Корольдік кинокомиссиясының ұйымдастыруымен, Жәлилә бинт Әли ханшайымның қамқорлығымен өтті. Байқау бағдарламасында Қазақстан, Қытай, Нидерланды, Латвия сынды елдерден келген балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік фильмдер көрсетілді.

5 маусымнан бастап прокатта болған «Алтын адам» фильмі Хан Тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгерінің рухани сапарын баяндайды. Жобаның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді ізгілікке, жан тазалығына тәрбиелеу.