Жаңалықтар

«QAITADAN» фильмі қазақстандық көрермендердің қызығушылығын тудыруда

4 қыркүйектен бастап прокатқа шыққан «QAITADAN» фильмі көрермендер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Бұл – режиссер Думан Еркімбектің дебюттік туындысы.

Фильм «Dala Cinema» кинокомпаниясы тарапынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Картинаның жанры – көркем драма әрі фильмде апат туралы баяндалады.

Сондай-ақ туындыда ұрпақ сабақтастығы, өткеннің қателіктері және жаңа жол қалау секілді терең философиялық тақырыптар қозғалады. Басты кейіпкер Рауан уақыт тұзағына түсіп, өмірін түбегейлі өзгерткен апаттың куәсі болады.
Көрермендер фильмнің көркемдік сапасы мен техникалық деңгейін жоғары бағалауда. Әлеуметтік желілерде фильм жайлы мынадай пікірлер жиі кездеседі: «Фильмнің соңына дейін толқумен қарайсың. Бұл – отандық киноның жаңа деңгейі». «Сюжет тек апат туралы емес, қайталана беретін адамзат қателіктері туралы терең ой салады». «Арнайы эффектілер әсерлі. Бірақ ең маңыздысы, ерекше идея. Мұндай фильмнің Қазақстанда түсірілгеніне мақтанамын».

Фильмдегі ең әсерлі көріністердің бірі – бөгеттің бұзылу сәттері. Бұл сахналар тек компьютерлік графика арқылы ғана емес, нақты түсірілімдер мен арнайы эффектілер арқылы жүзеге асқан. «Біз бөгет тұрғызып, оны 4-5 рет өз қолымызбен жардық», – деді режиссер Думан Еркімбек.

Фильмде Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов сынды актерлер ойнайды.

«QAITADAN» фильмі 4 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатыр.