Жаңалықтар

Comic Con Astana-да «Тапқыр қыз» анимациялық фильмі таныстырылды

Гик-мәдениеттің ең ірі фестивалі – Comic Con Astana-да Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Тапқыр қыз» толықметражды анимациялық фильмінің ресми таныстырылымы өтті.

Фильм авторлары анимациялық туындының алғашқы тизерін көрермен назарына ұсынды. Сонымен қатар мультфильмнің ресми Instagram парақшасында фильмнің басты кейіпкерлері бейнеленген брендтік скейтбордтарды ұтысқа қою басталды.
«Тапқыр қыз» – 14 жастағы Айканың басынан өткерген шытырман оқиғалары туралы хикая. Ол ата-анасымен бірге ойын-сауық планетасына аттанады. Алайда отбасының саяхаты күтпеген жерден өзгеріп, олар бөтенғаламшарлық қауіпке тап болады. Ол ата-анасын құтқарып, туған планетасына төнген қауіп туралы ескертуі керек. Бұл жолда оған робот-мысық пен бөтенғаламшарлық серігі көмектеседі. Фильмнің негізгі тақырыптары – отбасылық құндылықтар, достық және қайсарлық.

Жобаны Studio Cubic киностудиясы жүзеге асыруда. Фильмнің режиссерлері – Айдын Сахаман мен Расул Гаитов, продюсерлері – Дамир Айникеев пен Анна Расщепко. Жобаны жасауға танымал қазақстандық актерлер де атсалысып, фильмнің өндірістік процесіне және кейіпкерлерді дыбыстауға қатысты.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – Motion Capture (қимылды түсіру) технологиясының қолданылуы. Бұл технология Кино орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан анимациялық фильмде алғаш рет пайдаланылды. Motion Capture актерлердің қимыл-қозғалысын 3D кейіпкерлерге көшіруге мүмкіндік беріп, анимацияның шынайылығын арттырады.

Толықметражды анимациялық фильмнің ресми премьерасы 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
2026-08-10 12:33