Жаңалықтар

Қазақ киносын дамыту: брифингте питчинг қорытындысы мен алдағы міндеттер талқыланды

Астанада отандық киноиндустрияны дамыту тақырыбында брифинг өтті. Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратов, Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали және «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров қатысты.


Брифинг барысында Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали киноөндірістегі жобалардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы баяндады.

Соңғы алты жылда министрлік пен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 117 кино жоба жүзеге асырылды. Саланы жүйелі дамыту мақсатында 2024 жылы кино жобаларды іріктеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді авторларға басым тақырыптар ұсынылып, сценарий жазуға екі ай мерзім беріледі. Патриотизмді, адамгершілік пен руханиятты насихаттайтын тарихи фильмдерге ерекше назар аударылып отыр. Сараптамалық кеңестің қарауынан өткен жобалар питчинг – ашық қорғау кезеңіне өтеді, – деді Құрманбек Жұмағали.


Биыл конкурсқа жалпы саны 444 өтінім қабылданған. Оның 357-сі Сараптамалық кеңес қарауына жолданды. Кеңес жоба тақырыптарының өзектілігіне, сценарийдің тұжырымдамасына, драматургиялық құрылымына және кейіпкерлер бейнесінің ашылуына ерекше мән берген. Қорытындысында 128 жоба екінші кезеңге өтті. Брифинг аясында Құрманбек Жұмағали ресми түрде маусым айында өтетін питчингке 99 киножоба жолдама алғанын хабарлады. Ашық қорғау процесі Ұлттық киноны қолдау орталығының ресми YouTube арнасында онлайн көрсетіледі. Сондай-ақ питчинг барысы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызының тікелей бақылауында болады.

Сонымен қатар Басқарма төрағасы өткен жылдан бастап мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған жаңа ережелер енгізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Сараптамалық кеңес мүшесі егер жоба авторымен туыстық немесе басқа да байланысы болса, дауыс беруге құқығы жоқ. Бұған қоса бұған дейін қаржыландырылған жобалармен ақылы келісімшарттар жасауға да тыйым салынған.

Брифингте көтерілген тағы бір маңызды мәселе – фильмді ілгерілету ісіндегі ортақ жауапкершілік.


– Мемлекеттік қаржыландыру алғаннан кейін жоба иелері өз туындыларын насихаттауға және көрерменге сапалы жеткізуге белсенді атсалысуы тиіс. Бұл – тек мемлекеттің емес, шығармашылық ұжымдардың да жауапкершілігі. Оның үстіне прокаттан түскен кірістің 80%-ы киногерлерге, ал 20%-ы Ұлттық кино орталығына тиесілі. Бұл шығармашылық топтарды ынталандыруға бағытталған, – деді Құрманбек Жұмағали.

Сонымен қатар, қаржыландырылған жобаларды тиімді үйлестіру мақсатында Киноорталықта жоба менеджерлері енгізілді. Енді әрбір жоба нақты бір қызметкердің бақылауында болып, киножоба дайындық кезеңінен бастап, премьераға дейінгі барлық процесте сүйемелденеді.

Жиын соңында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығы сала мамандарымен ашық және конструктивті диалог жүргізуге әрқашан дайын екені айтылды.

– Сондықтан тек сын айту емес, саланы дамытуға қатысты нақты ұсыныстар айту – бүгінгі күннің басты талабы, – деді Басқарма төрағасы.

Брифинг барысында жыл соңына дейін алты кино жоба, оның ішінде анимациялық және деректі фильмдер жарыққа шығатыны да белгілі болды. Негізгі басымдық – жас режиссерлерді, авторлық киноны және анимациялық жобаларды қолдауға берілмек.