Алматы облысында «Крепость №307» әскери-патриоттық фильмінің түсірілімі басталды
2026-06-03 16:48
Алматы облысы Қарасай ауданындағы Іле-Алатауы ұлттық паркінде «Крепость №307» әскери-патриоттық көркем фильмінің түсірілімі басталды. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Медетфильм» ЖШС тарапынан жүзеге асырылуда.
Фильм 2025 жылғы питчинг жеңімпаздарының бірі. Түсірілім кезеңінің басталуына орай дәстүрлі кино салттарының бірі – «тәрелке шағу» рәсімі өтті. Іс-шараға фильм авторлары, актерлік құрам және түсірілім тобының мүшелері қатысты.
«Крепость №307» – ерлік, жанқиярлық пен адамгершілік туралы сыр шертетін, соғыс тарихының көпшілікке беймәлім беттерін ашатын туынды. Фильм оқиғасы 1941 жылдың шілде айында Кишинев қаласында өрбиді. Жараланған сарбаз Тәңірберген Қалиллаханов №307 ДОТ-та жалғыз қалып, үш күн бойы жау қоршауында қорғаныс шебін ұстап тұрады. Тұтқынға түскен жас аудармашы Эмма өз өмірін қатерге тіге отырып, оған көмектесуге бел буады. Олардың қысқа ғана кездесуі соғыс қасіретінің ортасындағы адамгершіліктің символына айналады.
Картинаны кәсіби шығармашылық ұжым түсіруде. Фильмнің режиссері – Әділ Мереке, продюсері – Біржан Әбубәкір, бас продюсері – Тасболат Мерекенов.
Басты рөлдерді Дәурен Серғазин, Алексей Шемес, Анвар Картаев, Светлана Тарасова, Габриэль Коэн және Игорь Личадеев сомдайды.
Айта кетейік, фильмге Кино орталығы ұйымдастырған «JARQYRA» республикалық кастингінің қорытындысы бойынша іріктелген актерлер де қатысуда. Жас таланттардың жаңа киножобаға қатысуы кәсіби түсірілім алаңында тәжірибе жинақтап, отандық кино өнерінің дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.