конкурс 2025кз

Министр киножобалар конкурсы басталғанын хабарлады

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киножобалар конкурсы басталғанын хабарлады. Аида Ғалымқызы киноиндустрияда көптеген оң өзгерістер орын алғанын атап өтіп, конкурсқа қатысты өткен жылы қолданысқа енген жаңа ережелерді еске салды.

«Бұл ережелер іріктеу рәсімін барынша ашық және айқын етуді көздейді. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан осы және өзге де өзгерістер бүгінде кино саласының дамуына маңызды серпін беруде. Бүгін осы жаңа ережелер бойынша көптен күткен киножобалар конкурсы жарияланды.

Ережеге сәйкес, конкурстың бірінші кезеңінде әуелі сценарий мен сценарий жоспарлары қабылданып, Сараптама кеңесінің қарауына жіберіледі. Бұл жерде ескеретін жайт, үміткерлер сценарийді конкурс жайлы хабарландыру жарияланғаннан бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей, Кино орталығына электронды түрде жолдауы қажет. Құжаттар 5 наурыз бен 13 наурызға дейін (12 наурыз сағат 23:59) дейін қабылданады», – деді министр.

Бұл ретте Сараптама кеңесі жобаларды анимациялық, ойын, деректі-хроникалы фильмдер бойынша сүзгіден өткізуге дайын. Екінші кезеңде құжаттар пакеті қаралып, анықталған қателерді түзетуге 3 күн уақыт беріледі. Ашық қорғау, яғни питчинг онлайн трансляция арқылы өтеді.

«Біздің мақсатымыз – ашық әрі әділ конкурс өткізу. Алдағы уақытта іріктеуге қатысты ақпараттар министрліктің және орталықтың ресми сайтында және әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарында үздіксіз жарияланады. Конкурстық іріктеуге қатысты сауалдарыңыз болса, Кино орталығы жанынан консультация жұмыстары да іске қосылғанын хабарлаймын!

Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін биыл кино түсіруге арналған басым тақырыптар жарияланған болатын. Осының негізінде тұшымды дүние дайындап, көрерменге сапалы дүние ұсынуға күш салады деп сенеміз! Барлық қатысушыларға алдағы конкурста сәттілік тілей отырып, Сіздерді ұлттық киноның көкжиегін кеңейтуге атсалысуға шақырамын!», – деді А.Балаева.