Жаңалықтар

Режиссер: Фильмді түсіруге бір ғана фотосурет түрткі болды

Биыл ағза доноры мәселесін көтеретін «Ароматное сердце» фильмі жарыққа шығады. Трансплантация және трансформация тақырыбын қаузайтын туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино орталығы қолдаған.

Басты кейіпкер – Самат. Отбасының озбыры, сотты болған қылмыскер жүрек трансплантациясынан кейін күрт өзгеріп шыға келеді. Бұрын болмаған сезім, үйреншіксіз әдет пен қоғамға қатынаста көзқарасы құбылған. Мұны өзі түгілі жақындары да байқап, сырын ұғуға тырысады. Ақырында себепті жүрек доноры болған қарапайым мектеп мұғалімінің өткенінен іздеуге мәжбүр.

«Осы фильмді түсіруге бір ғана фотосурет түрткі болды. Онда донордың арқасында жүрегі «қайта соққан» кейіпкер мен оған жүрегін берген марқұмның туыстары бейнеленген. Бұл маған ерекше әсер қалдырды. Сценарийді 9 ай көлемінде жаздық, шынайы оқиғаларға негіздедік. Фильмде донорлықтан бөлек, адамдар өзгере алатынын, бұған еш кедергі жоғын көрсеткіміз келді», – дейді режиссер Максим Кодаров.
«Ароматное сердце» – Максим Кодаровтың толықметражды кинодағы алғашқы дебюті. Сценарийін Наталья Беспечная мен Елена Вовнова жазған, ал жобаның продюсері – Саин Габдуллин. Басты рөлдерді Ержан Нұрымбет пен Айнұр Бермұхамбетова, Тагир Мирзадинов сомдады.

«Ароматное сердце» – ішкі күрес пен өзіңді табу жайлы фильм. Сюжет буллинг, отбасындағы күйзеліс пен жақындардың қолдауы сияқты мәселелерді де қозғайды.