Жаңалықтар

Сараптама кеңесі сценарийлерді сүзгіден өткізуде

Ұлттық киноны қолдау орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің мүшелері конкурсқа түскен сценарийлерді оқуды жалғастыруда. Осыған орай біз бірқатар пікірлерді жинақтадық.

Көркем фильм секциясы бойынша Сараптама кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Роза Мұқанова аталған бағытта 242 өтінім қаралып жатқанын айтты.

«Біз үшін сценарийлердің санынан гөрі сапасы, құндылығы маңызды. Тақырыптардың өзектілігі, талаптарға сай болуы да назарда болады.

Себебі бүгінгі көрерменді арзанқол, жадағай дүниелермен алдай алмаймыз. Көрермен қызығатын, ойланатын шығармалар қажет. Күлсе де, мұңайса да санаға әсер ететін, биік өрелі сценарийлердің көбейгенін қалаймыз. Экран – тәрбие құралы. Ұлттың тарихын, өткені мен бүгінін экран арқылы көре аламыз. Дәстүріміз бен мәдениетіміз де экран арқылы насихатталады. Жақсы кино өмірдің мәні туралы ойландырады, ізгілікке үндейді, пенделік пиғылдың тар шеңберінде қалмай, нағыз адамдық деңгейге ұмтылдырады.

Сценарийлерді қарау барысында мен де жеңілден гөрі салмақты дүниелерді парақтайтыныма сенемін. Әзірге сценарийлерді таразылап, оқып жатырмын. Алдағы уақытта ешбір автордың еңбегін еш етпей, күн-түн демей барлығын талдап шығатын боламын», – деді Роза Мұқанова.
Деректі-хроникалық фильм секциясындағы Сараптама кеңесінің мүшесі, киносыншы Инна Смаилова да өзгеше ойын ортаға салды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ киносы серпінді кезеңді бастан өткеріп жатыр.

«Қазақ киносы қарыштап дамып, алға басып жатыр. Бұл ретте мен Сараптама кеңесіне еніп, киносыншы ретінде құнды тәжірибе толыстырып жатқанымды айта аламын.

Деректі-хроникалық фильм секциясында тақырыптардың әралуандығы бар. Кинематографиялық, журналистік және зерттеу тәсілдері байқалады. Бірақ мен үшін, ең алдымен, кез-келген жанрдағы авторлық ой-өріс маңызды, ол тек тақырыпты ғана емес, сонымен қатар ойдың қозғалысын көркем образдар мен кино тілі арқылы жеткізу қажет», – деді Инна Смаилова.
Сарапшының пікірінше, биылғы конкурста тағы бір қызықты тенденция байқалады. Ол – дәстүрлі жанр мен тақырыптардың трансформациясы. Қазір кейіпкердің ішкі қақтығысына көбірек назар аударылуда. Бұрын режиссерлер объективті шындықты және әлеуметтік өзгерістерді көрсетуге тырысса, кейбір жұмыстарда енді субъективті қабылдау мен мағыналарды іздеу айқын көрінеді. Кейбір фильмдерде авторлар тек шындықты бақылаумен шектелмей, альтернативті көзқарастар ұсынып, көрерменді терең ойлауға шақырады.

«Бұл – процесс мен үшін жеке зерттеу. Қазақстандық киноның шындығы мен кинематографиялық формасының өзгеруі туралы кітап жазу барысында күннен-күнге: қазіргі заманғы кинематография тек шындықты көрсету емес, оны субъективті тәжірибе арқылы қайта қарау екеніне көзім жетіп келеді. Экран кеңістігі естелік, сезім және метафизикалық тәжірибе аймағына айналады», – деді ол.

Анимация секциясындағы Сараптама кеңесінің мүшесі Алмаз Кособаев та шет қалмады. Ол бірқатар сценарийлерді оқып шыққан және әзірге жалпы қорытынды жасауға болатынын жеткізді.

«Сценарийлерде сан түрлі тақырып қозғалған. Визуалдық әлеуеті жоғары. Сонымен қатар әр сценарийде есте қалатын басты кейіпкерлер бар», – деді Алмаз Құрманбекұлы.
Дегенмен, сарапшы көптеген авторлар кездесетін бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

«Біріншіден, кейбір сценарийлердің жазылу форматы қанағаттанарлықсыз: олар әңгіме түрінде жазылған, бірақ сахналарға, уақытқа және локацияға нақты бөлінбеген. Екіншіден, кейбір шығармалардағы қатыгездік көрермендерді алшақтатып жіберуі мүмкін, әсіресе балаларға арналған контентте оған абай болу керек.

Үшіншіден, көптеген сценарийде кейіпкерлер әлсіз, тереңдігі жоқ және іс-әрекет өтетін әлем жеткіліксіз түрде бейнеленген», – деп атап өтті Сараптама кеңесінің мүшесі.