Жаңалықтар

Кино орталығы мен NYFA арасындағы ынтымақтастық кинематографистер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

2025-08-08 15:36
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали New York Film Academy (NYFA) академиясының аумағында Dala Edge компаниясының бірлескен құрылтайшысы Данат Жуминмен, NYFA Kazakhstan директоры Мунира Дербисалимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында кино және аудиовизуалды өнер саласындағы білім беру бастамалары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру сынды бірқатар перспективалы бағыттар талқыланды.

«New York Film Academy сияқты беделді оқу орнының Қазақстанда филиал ашқанына қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық еліміздегі кәсіби кино саласының дамуына оң әсер етеді деп сенемін. Жақында жас мамандар мен осы салада жұмыс істеп жүргендерге арналған нақты жобалар мен бағдарламаларды ұсынамыз», – деді Құрманбек Жұмағали.

Академияның филиалында оқу 2025 жылдың 29 қыркүйегінде, Алматы қаласының маңындағы Қаскелеңде орналасқан Energo University-дің Креативті индустриялар паркі аумағындағы заманауи кампуста басталады.

Айта кетейік, NYFA-ның Қазақстандағы филиалы – Академияның үшінші халықаралық кампусы және елімізде ашылған әлемдік деңгейдегі алғашқы шығармашылық университет. Оқыту күндізгі форматта АҚШ-тан келетін NYFA-ның кәсіби оқытушылары тарапынан жүргізіледі.

Оқу бес негізгі бағыт бойынша өтеді: кино (Filmmaking), продюсерлік (Producing), сценарий жазу (Screenwriting), анимация және визуалды эффектілер (3D animation & VFX), ойын жасау (Game Design).

Академия Қазақстан мен басқа елдерден 200-ге дейін студент қабылдауды жоспарлап отыр. Түлектер америкалық университет дипломын алып, оқуын Нью-Йорк немесе Лос-Анджелес қалаларында жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.