Жаңалықтар

«Әбіл» фильмі Бельгия көрерменіне Millenium фестивалінде таныстырылды

Қазақстандық режиссёр Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Брюссель қаласында өткен халықаралық Millenium кинофестивалінде көрсетілді.

Туындының оқиғасы Кеңес Одағы ыдыраған кезеңдегі қазақ ауылында, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер аясында өрбиді. Бір адамның тағдыры арқылы тұтас буынның тарихы баяндалатын фильм. Осы уақытқа дейін Еуропа мен Азияның кинофестивальдерінде оншақты жүлдеге ие болған.

«Қарапайым азамат пен билік, қарапайым азамат пен саясат, қоғамдағы өзгерістерді олардың қабылдауы, ол қашан да қай қоғамда да маңызды. Сондықтан осы мәселелер мені қатты ойландырады, толғандырады. Осындай ойлар мені «Әбіл» фильмін түсіруге алып келді» - деп атап өтті фильм режиссері.
«Миллениум» халықаралық кино фестивалінің көркемдік директоры Златина Руссева да өз пікірінде:

«Бұл фильм өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Тарихты бүкпесіз жеткізген. Көріп отырып, оқиғаның дәл ортасында жүргендей сезінесің. Картинаның сапасы, басты рөлді сомдаған актердың шеберлігі керемет. Әділетсіздіктің кесірінен барынан айырылған шопанның ішкі толғанысын, қайғысын ғажап жеткізді. Осындай тың туынды үшін алғысым шексіз», - деді.

Еске сала кетейік, жоба Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының базасында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.