Маңғыстау – қойнауы құпияға толы өңір. Жақында өлкеге қатысты тарихи оқиғалар Ұлттық кино орталығы қолдаған «Маңғыстау – Тетис мұхитының орны» деректі фильміне арқау болды.
«АРДФИЛЬМ» фильмді экологиялық тақырыпқа, су мәселесіне қатысты кинофестивальдарда көрсетуді жоспарлауда және ол тек ғылыми ақпаратқа ғана емес, ел аузындағы әңгімелерге де негізделіп отыр.
Өткір әлеуметтік мәселе – деректі фильмдерде. Сондықтан алдағы уақытта туынды телеарналарда көрсетіледі.
«Біз фильмді коммерциялауды көздемейміз, себебі, бұл – көркем фильм емес, деректі фильм. Оны үлкен кинотеатрларға шығаруға болмайды. Бірақ, монтаж жұмыстарынан кейін телеарналармен келіссөздерді бастаймыз, өйткені бұл кез келген деректі фильмнің жүрер жолы. Күзде осы жобамен көрермендерімізді қуантамыз деп ойлаймыз», – дейді түсірілім тобы.
Айта кету керек, «AРДФИЛЬМ» ЖШС – Ардақ Әмірқұловтың продюсерлік орталығы. Ол – белгілі кинорежиссер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.