Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті нашар жандар туралы алғашқы көркем фильм түсірілуде
2026-06-26 17:32
Алматы облысында «Тұяқ» атты жаңа көркем фильмнің түсірілімі басталды. Бұл – Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті нашар жандардың өмірін арқау еткен алғашқы көркем фильм. Әлеуметтік маңызы зор жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Фильм 2025 жылғы питчингтің жеңімпазы атанған. Түсірілім жұмыстарының басталуына орай дәстүрлі тәрелке шағу рәсімі ұйымдастырылып, оған фильмнің авторлары, актерлік құрам және түсірілім тобы қатысты.
Фильмнің негізгі желісі есту және сөйлеу қабілеті нашар отбасының тағдырына негізделген. Оқиға желісі бойынша, жиырма жылдан кейін отбасы отағасының қайта оралуымен өрбиді. Оның келуі өткеннің жарасын қайта қозғап, ұмыт қалған естеліктерді жаңғыртады әрі әр отбасы мүшесін іште сақталған сырлармен және айтылмаған жан жарасымен бетпе-бет әкеледі.
Картинаны кәсіби шығармашылық ұжым түсіруде. Фильмнің режиссері – Нұрғиса Әлмұрат, продюсері – Батыр Сазаханов. Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Шәріпбек Зәкір және Әшім Ахметов сомдайды.
Айта кетейік, фильмде қазақ тілімен қатар ым-ишара тілі де қолданылады. Жаңа фильмнің түсіріліміне 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған республикалық JARQYRA кастингінің жеңімпаздары қатысуда. Кастинг жеңімпаздары бүгінде Орталықтың жаңа жобаларына белсенді түрде тартылып, кәсіби тұрғыда дамуға және еліміздің маңызды кинотуындыларына қатысуға мүмкіндік алып отыр.