Іс-шаралар

Қазақстандағы заманауи продюсерлік ету жүйесі

25 қарашада «Тұран» университетінде «Қазақстандағы заманауи продюсерлік ету жүйесі – кино білімінің сын-қатерлері» атты дөңгелек үстел өтті.
Отандық кинематографтың даму үрдістері, көптеген өндірістік студиялар мен тәуелсіз продюсерлердің пайда болуы, интернет платформаларда бейне контентті көрсету мүмкіндіктерін кеңейту – бүгінгі күні продюсерлікті дамыту мәселелерін бұрынғыдан да өзекті ете түседі. Киноиндустрия саласының алдында тұрған осы өзекті мәселелерді талқылауға «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – «Тұран» университеті, Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, ҚазҰӨУ (Шабыт), Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU), продюсерлік орталықтардың басшылары мен тәуелсіз продюсерлер қатысты.
Кездесу модераторы, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнар Әбікеева пікірталас алаңын аша отырып, кездесудің басты мақсатын атап өтті.
«Біз сіздердің әрқайсыңызды тыңдауымыз керек продюсерлерді дайындау үшін не қажет, нарықта қандай продюсерлер жетіспейді, олардың дайындығы қай жерде өтуі тиіс, оларда қандай тәжірибе болуы қажет деген сұрақтардың бәрінің жауабын табуымыз керек», - деді ол.
Кейін дөңгелек үстел барысында кинематографистер, практиктер мен теоретиктер мынадай мәселелерді талқылады:отандық киноиндустриядағы кәсіби кинопродюсердің рөлі;отандық кинематографтың әкімшілік кино мамандықтары бойынша қажеттілігі; киномектептердің продюсерлік білім беру бағдарламаларының заманауи кино процесінің талаптарына сәйкестігі мен киномектептер түлектерінің отандық киноиндустрияға интеграциялануының ерекшеліктері.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сергей Азимов оқу орнын бітіргеннен кейін жұмыссыз және кәсіби болашақсыз қалатын жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін шешу өте маңызды екенін атап өтті.
«Жастарды 3-4 курстан бастап дайындап, шеберханалар жүйесін қайтару керек», - деді режиссер.
ҰКҚМО бас продюсері Адай Әбелдинов қазіргі қазақстандық киноиндустрияның моральдық-этикалық проблемасын айтты. Ол бүгінде Киноорталыққа жобаларымен келетін көптеген жас режиссерлер мен продюсерлер жобаны прокаттау арқылы табыс табу туралы емес, оны түсіру кезінде қалай ақша жасап алу жолдарын ойлайтынын атап өтті.
«Бұл шешуді талап ететін үлкен мәселе. Кинематографистерге өз жобаларын қалай сату керектігін үйрету қажет», - деп санайды Әбельдинов.
Біздің кинодағы басты инвестор мемлекет болып қала беретінін ескере отырып, «Қазақфильм» киностудиясының өндіріс қызметінің басшысы Аруана Серікбаева еліміздің бас киностудиясының алдында тұрған проблемалық мәселелерге тоқталды.
«Біз мемлекеттік порталмен жұмыс істейміз, 30 пайыз аламыз, содан кейін тағы да келісімшарт жасаймыз және осылай жалғаса береді. Қазіргі таңда бұл жүйеге өзгерістер енгізіп, мобильді ету туралы ұсыныстар дайындап жатырмыз. Өндіріс тоқтап қалмас үшін бірден екі жылға келісім жасасқан жөн. Мұның бәрі бүкіл жобаның бастан аяғына дейінгі тағдырына әсер ететін продюсерлік ету мәселелері», - деді Серікбаева.
Сондай-ақ, ол жаңа продюсерлерге заңгерлік пен қаржылық сауаттылықты үйретуді ұсынды.
«Қазір нарықта жұмыс істейтін продюсерлердің барлығы дерлік өз мансабын әкімші ретінде бастаған, ал бұл дағдыларды олар оқу орнының қабырғасында игергенін дұрыс болар еді», - деп қосты.
Salem Social Media компаниясының бас директоры Рустам Юсупов киноға жобаның әкімшісі ретінде келгенін, ал қазір жылына отыздан астам веб-сериал шығаратын үлкен компанияны басқарып отырғанын айтты.
«Біз продюсерлерімізді, режиссерлерімізді өзіміз оқытамыз. Питчингтер өткіземіз, жастардың дамуына, қателесуіне мүмкіндік береміз. Қазір бізде үнемі жобалармен айналысатын 14 шығармашылық продюсер бар», - деді Юсупов.
Ол продюсердің жоба арқылы қанша ақша табатынын білмеуін басты мәселе ретінде көреді, себебі, бізде бірыңғай RenTrack базасы жоқ. Сондай-ақ, бізде кинотеатрлардың баламасы жоқ, жобаларды көрсетіп, бюджеттің бір бөлігін қайтаруға болатын бірде-бір платформа жоқ. Сондай-ақ, Юсупов жақсы мамандардың шетелге кетуі мәселесіне тоқталды, өйткені мұнда ол мамандарға сенбейді және үлкен бюджет берілмейді. Атап айтқанда, ол Salem Social Media-ның ең сәтті «Шекер» сериалын түсірген, қазір Ресейде жақсы жағдайда жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан режиссер Айторе Жолдасқалиды мысалға келтірді.
Ринат Сафаров әріптесінің сөздерін қолдап, тіпті оның студиясының негізін қалаушы Асқар Ұзабаев елден кетіп, қазір ресейлік телеарналарға арналған сериал түсіріп жатқанын атап өтті.
«Бізде ресурстар жоқ, нарықта мамандар жетіспейді. Адамдар көшеден келіп, бізден үйренеді, содан кейін еркін еңбекке кетеді. Мен өзім қазір коммерциялық жобалармен сәтті жұмыс істейтін бес продюсерді дайындап шықтым», - деді Сафаров.
Анна Дармодехина кино әлемі өзгеріп, қазір құқықтарды сату тұрақты табыс көзіне айналғанын айтты. Пандемия басталғаннан бері контенттік бизнес бірінші орынға шықты, сондықтан продюсер талантты көріп, онымен жұмыс істеп, одан әрі дамыта білуі керек.
«Әлем бір үлкен кинозалға айналды және әрбір көрермен киноны өз ана тілінде қарайды. Жақсы мысал – «Игра в кальмара» сериалы. Онда ең маңызды жұмысты продюсерлер атқарып шыққан. Міне, жақсы продюсердің негізгі таланты – жергілікті жобадан халықаралық әлеуетті көріп, одан хит жасау», - деп есептейді продюсер.
ҰКҚМО Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев Анна Дармодехина қозғаған тақырыптардың маңыздылығына назар аударып, қазір продюсердің рөлін түсіну процессінің жүріп жатқанын айтты.
«Киноны мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Оған экономиканың нақты секторы ретінде қарау керек. Егер бүкіл жүйені дұрыс құсақ, онда біз нарықта бәсекеге қабілетті және кіріс әкелетін жақсы өнімді шығара аламыз. Кино табыс әкелуі тиіс. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бар болғаны әрине жақсы, мемлекеттік қолдау бар, бірақ біз бұл жүйені қайта қарастыратын боламыз. Тәуекелдерді бөлу керек. Бұл бизнес», - деді Киноорталық басшысы.
Отандық киноның ең табысты халықаралық продюсерлерінің бірі Серік Әбішев табысқа қалай жеткенін, Әділхан Ержановпен қалай жұмыс істейтінін және оның қазіргі жастарға не үйрететінін айтып берді.
«Қазіргі уақытта мен «Тұран» университетінде режиссерлердің бесінші курсында сабақ беремін. Мен студенттерге бірден айттым – бәрін режиссер болуға тырыспаңдар, біреуің продюсер болыңдар, біреуің басқа нәрсемен айналысыңдар. Сондықтан мен біздің курстың атауын режиссерлер курсы емес, фильммейкерлер курсына ауыстырғым келеді. Осылайша, біз адамдарға кино түсіруді ғана емес, кинода жұмыс істеуді үйретеміз», - деді Әбішев.
Сондай-ақ, ол өз студенттерінің дипломдық жұмыстарын түсіруге қаражаты жоқ екенін атап өтіп, ҰКҚМО-ға қолдау ретінде жас режиссерлерге грант бөлуді ұсынды. Өз кезегінде Есетжан Қосыбаев келесі жылы Киноорталық жас режиссерлерді қолдауға жеке бюджет бөлуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Дөңгелек үстел жұмысының соңында «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов сөз алып, екі мәселеге тоқталды:
«Біріншіден, білім министрлігі қазір заңнамалық бастама әзірледі, оған сәйкес ЖОО білім беру бағдарламаларын өздері жасай алады. Екіншіден, мен депутаттық корпуспен, министрліктер өкілдерімен және мүдделі бизнес-құрылымдармен бірлесе отырып, олармен алдағы жұмыс мәселелерін талқылау үшін келесі кездесуімізді ұйымдастыруды ұсынамын», - деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша продюсердің мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ кино продюсерлері мен кино топтарының екінші құрамы үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеу ұсынылды.
03.12.2021