Жаңалықтар

Кино орталығының фильмдері «Сыншылар таңдауы – 2026» сыйлығының лауреаттары атанды

Қазақстан киносыншылары қауымдастығы жыл сайынғы «Сыншылар таңдауы – 2026» сыйлығының лауреаттарын жариялады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылған бірқатар фильм режиссерлік, актерлік және жанрлық негізгі номинациялар бойынша жүлделерге ие болып, сыйлықтың басты жеңімпаздарының қатарына енді.

Атап айтқанда, режиссер Думан Еркімбектің «Qaitadan» картинасы үздік жанрлық фильм деп танылды. Думан Еркімбектің өзі «Үздік дебют» номинациясының жеңімпазы атанды.
Актерлік номинациялар бойынша Гүзел Жан «Игроманка» фильміндегі рөлі үшін «Үздік әйел рөлі» жүлдесіне ие болса, Ерлан Төлеутай «Әбіл» картинасындағы рөлі үшін үздік актер атанды.
Сонымен қатар, режиссер Жанана Құрмашеваның «Атамекен» («Мы здесь живем») картинасы үздік деректі фильм үшін арнайы жүлдеге ие болды.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы сыйлық лауреаттарын құттықтап, отандық кинематографияның дамуына қосқан үлесі үшін авторларға алғыс білдіре отыра, жаңа шығармашылық табыстар тілейді.