Жаңалықтар

«38»: Орманшылар жайлы алғашқы қазақстандық фильмнің түсірілімі аяқталды

2025-08-15 17:59
Абай облысында «38» көркем фильмінің түсірілімі ақталды. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен өндіріске жіберілді. Картина өткен жылғы питчингтің жеңімпазы атанды.

«38» – қазақ кинематографиясы тарихындағы орманшыларға арналған тұңғыш фильм. Лента табиғат алдындағы жауапкершілік тақырыбын көтеріп, қоршаған ортаны қорғау, орманшылардың еңбегі секілді мәселелерді ашып көрсетеді.

Түсірілім процесі Абай облысының көрікті аймақтарында өтті. Қоюшы режиссер Төребек Бейсебаевтың айтуынша, өрт сөндіру техникасымен жұмыс істеу түсірілімнің техникалық тұрғыдан ең күрделі кезеңдеріне айналды.
Сценарий авторлары – Нұржігіт Хайдаров пен Мақсат Жұмаханов, қоюшы оператор – Асылхан Мәдәлбеков, қоюшы суретші - Олжас Әлменов, продюсер – Нұржігіт Хайдаров.

Түсірілімге Алмат Сақатов, Асан Мәжит , Алтынай Нөгербек сияқты танымал актерлер қатысты.

Айта кетейік, қазір Кино орталығының өндірісінде «Бүркітші», «Кенжем қайда?» және «Тревожная ночь» көркем фильмдері, «Венера. Баладан – бақ, қамыстан – құт» деректі фильмі, сондай-ақ «Адамзатқа іздеу саламын», «Команда А» және «Жібек» анимациялық жобалары бар.