«Qaitadan» фильмі Бішкек халықаралық кинофестивалінде үздік атанды
2026-06-12 23:59
«Qaitadan» фильмі 8-12 маусым аралығында Қырғызстан астанасында өткен IV Бішкек халықаралық кинофестивалінің «Орталық Азия фильмдері» байқау бағдарламасында Бас жүлдені иеленіп, «Үздік фильм» номинациясының жеңімпазы атанды.
Фестиваль Орталық Азия елдерінің режиссерлері, актерлері және продюсерлерінің басын қосты. Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан киногерлерінің туындылары қатысты.
«Qaitadan» фильмі байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, фестивальдің ең жоғары марапатына ие болды. Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
«Qaitadan» – режиссер Думан Еркімбектің толықметражды дебюттік фильмі. Жоба 2023 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпазы атанып, мемлекеттік қолдаумен түсірілген әрі прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинаған алғашқы қазақстандық фильм ретінде тарихқа енді.
Бұған дейін картина Қазақстанның креативті индустриялар саласындағы басты марапаты – STEPPE Awards сыйлығының «Кинематография» аталымында жеңіске жеткен болатын.
Айта кетейік, биыл Бішкек халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына Кино орталығының үш фильмі енгізілді. Бұл отандық киноөндірістің халықаралық деңгейдегі беделі мен оған деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Кино орталығының жобалары фестивальдің индустриялық бағдарламасы аясында да жоғары бағаланды. Режиссер Аяна Нұрдинова мен продюсер Аружан Досымқожа ұсынған «Мұғалім» («Teacher») жобасы қазылар алқасының арнайы атап өтуіне ие болды.