ҰҚК өкілдері «Набат операциясы» фильмін тамашалады
Астанада ҰҚК қызметкерлеріне «Набат операциясы»фильмі ұсынылды. Көрсетілімге басты рөлді сомдаған актер Бақыт Қажыбаев қатысып, айтулы туынды туралы ізденісін ортаға салды.
«Отбасымызда ағам – оператор. Мен баста бауырымның жолын қумақшы болғам. Алайда оқуға түсерде комиссия мүшелері актерлікті таңдауыма түрткі болды. Осылайша, кино саласына қадам бастым және «Набат операциясы» тәжірибемдегі күрделі рөл болды деп айта аламын. Өйткені мен сомдаған бейненің жауапкершілігі зор, автобустың ішіндегі әрбір адамның өмірі тікелей осы кейіпкердің мойнында болды. Түсірілімге жан-жақты ізденіп, үлкен дайындықпен келдім», – деді Б. Қажыбаев.
«Набат операциясы» кинокартинасын Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығының, ІІМ қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Ол Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының ерлігін дәріптейді және биыл кинотеатрларда ұсынылды.
Фильм 1992 жылы кезеңдестіру кезінде қашып кеткен 6 тұтқынның әрекетін баяндайды. Олар Шиелі стансасы маңында қалааралық автобустың жолаушыларын кепілге алған. Ұзақ келіссөздерден кейін қарақшылар ұшақ талап етті. Бірақ нақты жоспарланған операцияның нәтижесінде барлық қылмыскерлердің көзі жойылды. Кепілге алынғандардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бұл – бірде-бір адам жараланбаған әлемдегі бірінші операция.