Жаңалықтар

Эфиопияда «1941 жылдың жазы» фильмі көрсетілді

Эфиопиядағы Қазақстан Елшілігінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған тақырыптық семинар өтті. Іс-шараға Эфиопия Президент Әкімшілігінің, Сыртқы істер министрлігінің, дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ, қоғамдық және сараптамалық топтар, соның ішінде Эфиопия патриоттары қауымдастығының Президенті Дэниел Джоте Месфин және Young Lives Ethiopia Директоры Стивен Алула Панкхарст қатысты.
Шара қазақтың батыры Әди Шәріповтің өмірі мен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлігін арқау еткен «1941 жылдың жазы» атты көркем фильмімен көмкерілді. Аталған фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Семинар барысында Қазақстанның Эфиопия мен Кениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Африка одағы комиссиясының Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов қазақ халқының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ортақ Жеңіске қосқан зор үлесін айтып берді.

Елші сондай-ақ биыл Қазақстанда атап өтілетін бірқатар маңызды мерейтойлық даталармен, атап айтқанда, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдығы туралы хабардар етті. Бұл көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтау – тарихи шындыққа тура қараудың және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды бөлігі.

Семинар аясында фотокөрме де ұйымдастырылды. Экспозиция Қазақстан, Эфиопия және басқа да Африка елдерінің фашизмге қарсы күреске қосқан үлесі туралы баяндайтын сирек кездесетін мұрағаттық суреттерді, құжаттар мен куәліктерді қамтыды.

Айта кетейік, режиссер Бекболат Шекеровтың «1941 жылдың жазы» фильмі қазақ халқының даңқты ұлы – Әди Шәріповке арналған.Фильм соғыстың басталу кезеңін және Әди Шәріповтің жауынгерлік жолын баяндайды.