Жаңалықтар

Батысты баураған қазақ киносы: БҚО-да Қазақ киносының онкүндігі жалғасуда

Батыс Қазақстан облысында Қазақ киносының онкүндігі өтіп жатыр. Кино көрсетілімдері облыстың барлық 17 ауданын қамтиды, соның ішінде Қаратөбе, Бәйтерек, Сырым, Ақжайық, Бөрлі және басқа да аудандар бар.

Бағдарлама аясында отандық кинематографияның сан алуандығын паш ететін фильмдер ұсынылады. Олардың қатарында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігі мен отансүйгіштігін паш ететін «Бүркіт» және «Патриоттар уақыты» фильмдері, сондай-ақ аты аңызға айналған музыкалық топ туралы баяндайтын «Дос-Мұқасан» фильмі бар. Ерекше назарға іліккен туындылардың бірі – ұлы балуан Қажымұқанның өмірі мен ерлігін арқау еткен «Қажымұқан» фильмі. Сонымен қатар, көрермендерге өзге де маңызды киножобалар ұсынылады.

Бұған дейін Қазақ киносы онкүндігі Қарағанды, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткен болатын. Алдағы уақытта бұл бастама еліміздің өзге де қалалары мен ауылдық округтерін қамтып, ұлттық киноны насихаттауға үлес қосады.

Батыс Қазақстан облысындағы көрсетілімдер 13 мамырға дейін жалғасады. Облыс тұрғындары мен қонақтарын осы мәдени шараға белсенді қатысып, отандық кино өнерінің үздік туындыларын тамашалауға шақырамыз!