Жаңалықтар

X Каспий медиафорумы: Қазақстан халықаралық кино кеңістігін кеңейтуге ниетті

Астрахань қаласында X мерейтойлық Каспий медиафорумы өтті. Іс-шараға Ресей, Қазақстан, Иран, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 700-ден астам БАҚ, ғылым, дипломатия және кино саласының өкілдері қатысты. Форумға онлайн режимінде әлемнің түкпір-түкпірінен үш мыңға жуық адам қосылды.

Форумда кино өнері мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Кино және медиадағы мәдениетаралық диалог: халықтар, дәстүрлер, тағдырлар» атты сессия аясында Қазақстанның Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қазіргі заманғы киноны қолдау құралдары мен бірлескен киножобаларды іске асырудың болашағы туралы баяндама ұсынды.

Кино орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаровтың айтуынша, 2019 жылы құрылған сәттен бастап Орталық кино саласының бірыңғай операторы ретінде мемлекеттік қаржыландыруды қамтамасыз етіп, халықаралық ынтымақтастықты дамытып келеді. Соңғы алты жыл ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Орталықтың қолдауымен 118 киножоба жүзеге асырылды. Қазақстандық фильмдер 280-нен астам халықаралық фестивальге қатысып, 157 жүлдеге ие болды.

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ашық диалогқа, бірлескен өндіріске, шығармашылық және технологиялық ынтымақтастыққа дайын. Мұндай бастамалар жаңа жарқын киножобалардың пайда болуына негіз болады», – деді Ә. Омаров.

Ол өз сөзінде Қазақстанның табысты копродукциялық жобаларын мысалға келтірді: Татарстанмен бірлесіп түсірілген «Тарлан» көркем фильмі, Франциямен бірге жүзеге асырылған «Победителей видно на старте» жобасы, Тайландпен серіктестікте өндіріліп жатқан «Ерте, ерте, ертеде» атты деректі фильм.

Әділет Омаровтың айтуынша, қазақстандық киноиндустрияның одан әрі дамуы халықаралық байланыстарды нығайту және бірлескен өндіріс мүмкіндіктерін кеңейту арқылы жүзеге асады.

X Каспий медиафорумы – Каспий маңы елдері арасында ынтымақтастықтың жаңа формаларын талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаң. Форумды Астрахань облысының Үкіметі, ТАСС, Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры және «Каспий-Еуразия» коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырды.