Жаңалықтар

Абай мұрасы: ғасырдан жеткен алғашқы кітаптың тарихы экранда жаңғырды

Абай күні қарсаңында Алматы қаласында ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының тұңғыш кітабының тағдырына арналған «Алғашқы кітап» деректі фильмінің ресми премьерасы өтті. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильмнің тұсаукесері Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Абай әлемі» музыкалық-поэзиялық мерекелік кеші аясында өтті.
Деректі фильмде Абайдың тұңғыш баспа кітабының дүниеге келу тарихы – алғашқы ой-тұжырымнан бастап жарыққа шыққанға дейінгі күрделі жолы баяндалады. Қазақ халқының рухани оянуының жарқын нышанына айналған бұл кітап 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Ильяс Бораганскийдің баспаханасынан жарық көрген. Кейінгі жылдары жарық көріп, жүз мыңдаған таралыммен елге тараған Абай шығармалары жинақтарының қайнар бастауы да осы тұңғыш кітап еді.

«Абайдың әдеби мұрасы кеңінен белгілі, алайда алғашқы кітабының жарық көру жолын көпшілік біле бермейді. Осындай тың деректерді кино арқылы жеткізу, әсіресе жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту – мемлекеттік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі деп санаймын. Фильм премьерасының «Абай әлемі» мерекелік кеші аясында, ашық аспан астында, көпшілік көрерменнің қатысуымен өтуі де ерекше болды. Осындай маңызды тақырыптарды қызықты форматта ұсыну – фильмнің көрерменге әсерін де күшейте түседі», – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильмнің премьерасынан кейін қазақстандық эстраданың белгілі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік кеш Абай әндерін көпшілік болып орындаумен түйінделді. Ашық аспан астына жиналған мыңдаған көрермен ұлы ақынның шығармашылығы мен музыкалық мұрасының айналасына топтасып, Абай әндерін бірге шырқады.

Айта кетейік, Кино орталығының қолдауымен «Алғашқы кітап» деректі фильмі алдағы уақытта «Хабар» және «Алматы» телеарналарының эфирінен көрсетіледі.