Жаңалықтар

Лудоманиямен күрес: «Игроманка» фильмі Астанада ұсынылды

Астанада әлеуметтік маңызды тақырыпты арқау еткен «Игроманка» көркем фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Киножоба 2023 жылы Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған питчинг нәтижесінде мемлекет қолдауына ие болып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «PROTALENT» кинокомпаниясымен түсірілді. Фильм 15 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында кең көлемде прокатқа шығады.
«Игроманка» – құмар ойындарға тәуелділікпен күреске арналған терең психологиялық драма. Фильмде орта жастағы әйел Жұлдыздың оқиғасы баяндалады. Ол ойынқұмарлықтың салдарынан отбасынан, жұмысынан және өмірге деген сенімінен айырылады. Өзінің тәуелді екенін мойындауы оның сауығуға бастар алғашқы әрі маңызды қадамына айналады. Сценарий нақты өмірден алынған оқиғалар негізінде жазылған. Жоба авторлары тәуелділікке ұшыраған адамдармен сұхбаттасып, кәсіби психологтардың кеңесіне жүгінген. Бұл тәсіл экрандағы оқиғаның шынайылығы мен эмоционалдық әсерін күшейтті.

Фильмнің түсірілім жұмыстары қыс пен жаз мезгілдерінде Астана қаласында және Ақмола облысындағы көркем Бурабай мен Ұрымқай елді мекендерінде өтті. Табиғат көріністері кейіпкердің ішкі күйімен үндесіп, көрерменге терең әсер қалдырады. Жобада кино саласында мол тәжірибесі бар 75-тен астам кәсіби маман еңбек етті.

Фильмнің режиссері – Алдияр Байракимов, қоюшы операторы – Азамат Жанабеков, продюсерлер – Ардақ Қасымбек, Дана Мутурғанова, Әсел Сағи. Басты рөлде – Германияда тұратын, Еуропада танымал қазақ актрисасы Гүзел Жан. Сонымен қатар, фильмде Жалғас Жанғазин, Бахтияр Қожа, Алтынай Нөгербек, Лейло Бекназар, Саят Мерекенов, Жан Байжанбаев, Еркен Гүбашев, Сырым Қашқабаев сынды танымал актерлер өнер көрсетті.
Көрсетілім барысында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали фильмнің қоғамдық маңызын атап өтті.

«Деректерге сүйенсек, елімізде 500 мыңға жуық адам құмар ойынның құрбанына айналады. Тіпті, лудомания салдарынан он жұптың жетеуі ажырасады деген статистика бар. Өткен жылы Мемлекет басшысы ойын бизнесіне қатысты жаңа заңға қол қойып, мәселені мемлекеттік деңгейде назарға алды. Ұлттық кино орталығы да бұл әлеуметтік қатерге назар аударту мақсатында «Игроманка» фильміне қолдау көрсетті. Бұл жоба 2023 жылы питчингте жоғары баға алып, мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Фильмде лудоманияның себеп-салдары көрсетіліп, одан шығу жолдары ұсынылады. Бұл – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның мәселесі. Сондықтан мұндай фильмдердің тәрбиелік, идеологиялық маңызы зор», – деді Құрманбек Жұмағали.
Ал бұған дейін «Паралимпиец» фильмімен танылған режиссер Алдияр Байракимов лудоманияның түп-төркіні көбіне балалық шақтағы психологиялық жарақаттармен байланысты екенін атап өтті.

«Толық емес отбасында өскен, ата-анасының мейірімін сезінбеген немесе алыстағы туыстардың қолында тәрбиеленген бала өзін керексіз сезінуі мүмкін. Мұндай ішкі күйзеліс жылдар бойы жиналып, адамды шынайы өмірден қашуға итермелейді. Осылайша, құмар ойынға қадам басуы мүмкін. Алғашқы жеңістер жалған сенім тудырып, ол адам өзінің бәрін бақылауда ұстап тұрмын деп ойлайды. Алайда бұл тәуелділікке себеп болған – бала кездегі шешілмеген психологиялық жара. Бұл туралы тек психолог қана айта алады. Біз мұны фильмде ашып көрсеттік», – деді А.Байракимов.

Фильмнің бас продюсері Ардақ Қасымбек лудоманияны адамның еркіндігін шектейтін, өмірдің шынайы құндылықтарын көлегейлейтін дерт деп сипаттады.

«Лудоманиямен ауыратын адам бір сәттік ләззатқа беріліп, шынайы өмірден алыстап кетеді. Бірақ ол бұл тұзақтан өздігінен шыға алмайды. Сондықтан ең дұрыс шешім – кәсіби көмекке жүгіну. Біз бұл фильм арқылы қоғамға ой салғымыз келді. Ал жобаның табысты шығуы тек сценарий мен дайындыққа емес, кәсіби мамандардан құралған мықты ұжымға байланысты болды», – деді продюсер.

Айта кетейік, өзекті мәселеге шынайы қарайтын, көрерменге ой салатын және өзгеріс жасауға ынталандыратын фильм 15 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында прокатқа шығады.