Жаңалықтар

«Бауырына салу» Қазан фестивалінде жүлде қанжығалады

«Алтын минбар» ХХ Қазан халықаралық кинофестивалінің қорытындысы шықты. Ауқымды шарада фестиваль күнделігі ұсынылып, жобаның ең қызықты сәттері қамтылды.

Фестивальдің ашылуында Татарстан Республикасының Мемлекеттік Кеңесі төрағасының орынбасары Марат Ахметов «Алтын минбардың» маңызын айшықтап, оған әлемнің 47 елінен 800 қатысушы өтінім қалдырғанын айтты.

«Алтын минбар» – халықаралық пікір алаңы, сонымен қатар жетістіктерді жіпке тізіп, әрбір жобаның жаңашылдығын тарқататын орта. Жүлдегерлерді құттықтаймын!», – деді М.Ахметов.

Фестивальда режиссер Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі кезекті рет топ жарғаны қуантады. Фильмнің операторы Жанарбек Елеубек «Үздік операторлық жұмыс» номинациясын қанжығалап, жүлде қоржынын арттырды.

«Бауырына салу» фильмі Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Ұлттық кино орталығының» қолдауымен түсірілген. Тың туынды әжесінің қолында өскен жеткіншектің оқиғасын баяндайды. Әжесі қайтыс болғаннан кейін ол өзінің ата-анасына оралуға және бөтен адамдармен жаңа ортада қарым-қатынас құруға мәжбүр болады.