Жаңалықтар

«Кенжем қайда?» фильмі Таллиндегі «Қара түндер» кинофестивалінің негізгі байқауына қатысады

Режиссер Диас Бертис түсірген «Кенжем қайда?» фильмі Таллиндегі «Қара түндер» 30-шы кинофестивалінің (PÖFF) негізгі байқау бағдарламасына енді. Эстонияда 6-22 қараша аралығында өтетін фестивальде картина әлемнің түрлі елдерінен ұсынылған тағы 11 фильммен бірге басты жүлделерді сарапқа салады.

«Кенжем қайда?» фильмі Taurus Asia Production студиясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Бұл – көрерменге «Черный двор» сериалы мен «Приговор» фильмі арқылы танылған Диас Бертистің екінші толықметражды туындысы.

Фильмнің басты кейіпкері – Гүлназ. Ол отбасын мінсіз етіп көрсетуге бар күшін салады. Алайда қызының үйлену тойы кезінде бандиттер мерекенің шырқын бұзып, әйелдің кіші ұлы жоғалып кетеді. Баланы іздеу отбасының көптен бері жасырылып келген құпияларын ашуға себеп болады. Біртіндеп Гүлназ жақындарын үнемі бақылауда ұстауды махаббаттың белгісі деп түсінгенімен, шын мәнінде бұл әрекеті отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа сызат түсіргенін ұғына бастайды.

Фильмдегі басты рөлдерді Данагүл Темірсұлтанова, Азат Сейтметов, Ақнұр Рахат, Айбар Салы және Шәкәрім Алмасбек сомдаған.

Таллиннің «Қара түндер» кинофестивалі (PÖFF) – Солтүстік Еуропадағы ең ірі халықаралық кинофестивальдердің бірі. Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары федерациясы (FIAPF) аккредиттеген «А» санатындағы фестивальдер қатарына кіретін бұл беделді кинофорум жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия өкілдерін жинап, халықаралық кино өнерінің үздік туындыларын таныстырады.