Жаңалықтар

Кино орталығының фильмдері Қырғызстан көрерменіне жол тартты

«Qaitadan» көркем фильмі мен «Алтын адам» толықметражды анимациялық картинасы Бішкекте өтіп жатқан Қазақстан киносы күндерінің бағдарламасына енді. Көрсетілімдер «Ала-Тоо» кинотеатрында ұйымдастырылып, көрермендерге заманауи қазақ киносы мен оның жанрлық алуан түрлілігін таныстыруда.

«Qaitadan» — режиссер Думан Еркімбектің толықметражды кинодағы дебюттік жұмысы. Фильм ұрпақтар сабақтастығы, жауапкершілік, қауіпсіздік және өзара көмек тақырыптарын қозғайды. Картина мемлекеттік қолдаумен түсірілген қазақстандық фильмдер арасында отандық прокатта 1 миллиард теңге көрсеткішінен асқан тұңғыш жоба.

«Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмі — өмірлік күш-қуатты іздеп, Хан Тәңірі шыңына көтерілген сақ жауынгері туралы хикая. Жол бойында ол достар тауып, жауларымен бетпе-бет келе отыра, нағыз жауынгер ретінде қалыптасып, сақ даласына төнген зұлымдықпен күреседі. Айта кетейік, Кино күндерінің ашылу салтанатына аталған туындының режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы қатысты.
Аталған картиналар Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігінің және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қолдауымен ұйымдастырылуда.