Жаңалықтар

«Шырмауық» фильмі Токио кинофестивалінің байқауына қатысады

Қазақстандық режиссер Азамат Шарғынның дебюттік толықметражды «Шырмауық» фильмі 39-шы Токио халықаралық кинофестивалінің Asian Futures байқау бағдарламасына енді. Фильмнің әлемдік премьерасы 26 қазан мен 4 қараша аралығында өтетін фестивальде болады.

Фильм өзен жағасындағы шағын ауылда тұратын отбасының өмірін көрсетеді. Қарт Аймықан ұлы, келіні және немересімен бірге тұрады. Отбасының негізгі күнкөрісі – оның зейнетақысы. Жағдайды өзгертіп, отбасының тұрмысын жақсартқысы келген келіні қалаға жұмыс іздеп кетуге бел буады. Осы шешімнен кейін жақын адамдардың арасындағы қарым-қатынас та біртіндеп шиеленісе түседі.

Фильмнің атауына режиссер табиғаттағы шырмауық өсімдігінің бейнесін арқау еткен. Өзге өсімдікке оралып, соның есебінен тіршілік ететін шырмауық фильмде адамның айналасына, жақындарына және өмір жағдайларына тәуелділігін бейнелейді.

Басты рөлдерді Алмахан Кенжебекова, Раяна Қуат және Нұрлан Әбілов сомдаған. Қазақ тілінде түсірілген фильм фестивальде ағылшын және жапон тілдеріндегі субтитрлермен көрсетіледі.

«Шырмауық» Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.

Токио халықаралық кинофестивалі 1985 жылы негізі қаланған және Азиядағы ең ірі халықаралық кинофестивальдердің бірі саналады. Asian Futures байқау бағдарламасында Азия елдерінен шыққан режиссерлердің алғашқы және екінші толықметражды фильмдері ұсынылады. Биыл фестиваль 39-шы рет өтеді.
2026-10-03 15:00