Өзбекстанда халықаралық конгресс аясында қазақстандық фильмдердің көрсетілімдері өтті
2025-11-16 20:28
Ташкент қаласында «Орталық Азия: ортақ рухани-ағартушылық мұра – ортақ болашақ» халықаралық конгресі аясында өтіп жатқан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның кино күндерінің салтанатты ашылуы өткізілді. Шара Ұлттық кино өнері сарайындаұйымдастырылып, Орталық Азия мен Әзербайжан елдерініңғылыми және мәдени қауымдастығының өкілдерін, өнер қайраткерлері мен жас көшбасшыларын бір арнаға тоғыстырды.
Жиында көрермендер мен конгреске қатысушыларға арнап, Қазақстан тарапынан құттықтау тілегін білдірген Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров мұндай мәдени бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, кинематографияның елдер арасындағы байланыстарды нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды.
«Кино – бәріне түсінікті ортақ тіл. Біздің қоғамның құндылықтары мен Орталық Азия және Әзербайжан халықтарының мәдени жақындығын көрсететін оқиғалармен бөліскенімізге қуаныштымыз. Мұндай бастамалар мәдени ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына, елдер арасындағы диалог пен тәжірибе алмасуға ықпал ететініне сенімдіміз», – деді ол. Қазақстан киносына қызығушылық танытқаны үшін өзбекстандық әріптестеріне алғысын білдірді.
«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің көрсетіліміне Өзбекстан Кинематография агенттігінің директоры Шухрат Ризаев қатысты. Ол «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін жоғары бағалап, режиссер Жандос Құсайыновтың кәсіби шеберлігін атап өтті. Сонымен қатар, Шухрат Ризаев режиссерді Қазақстан мен Өзбекстанның алдағы бірлескен жобаларында ортақ серіктестікке шақырды.
Игі бастама аясында көрермендерге қазіргі қазақ киноиндустриясының үздік туындылары ұсынылды. Тарихтан сыр шертетін «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі, ұлттық прокатта бір миллиард теңгеден астам қаржы жинаған «Qaitadan» фильмі, 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шәмей туралы қысқаметражды «Үміт сәулесі», сондай-ақ әлеуметтік және мәдени кедергілерді еңбегімен еңсерген көкпаршы қыз Ева Жигалина турасындағы «Ева – Батыр қыз» картинасы. Әр туынды өзбек көрермендерінің зор қызығушылығын тудырып, фильмдердің эмоциялық тереңдігі мен көтерілен мәселелердің өзектілігі жоғары бағаланды.
Конгресс бағдарламасы аясында қазақстандық режиссерлер «Өзбекфильм» павильондарын аралады. Айта кету керек, студияда түркі және араб киімдерінен бастап әртүрлі түрдегі сауыт-жарақтарға дейінгі бай реквизит пен костюмдер коллекциясы бар, бұл тарихи жобалар үшін айрықша қызығушылық тудырады. Мұндай жұмыс сапарлары режиссерлерге ынтымақтастықтың егжей-тегжейін талқылауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді, осылайша елдер арасындағы өзара кино саласындағы іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашады.
Сондай-ақ Конгресс аясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның кино ұйымдары басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, бірлескен киножобалардың әлеуетін, ұлттық киноны халықаралық алаңдарда ілгерілету мәселелерін және кино өнері арқылы гуманитарлық байланыстарды нығайтуды талқылады. Копродукцияға жағдай жасау, кәсіби тәжірибе алмасу және Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы мәдени диалогты одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конгрестің қорытынды күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Әзірбайжан республикасы лидерлерімен бірге Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев тағайындаған жаңа марапат – «Болашақ мұрасы» халықаралық сыйлығын табыстау рәсіміне қатысты.
Айта кетейік, жаңадан тағайындаған бұл сыйлық дәстүрді жаңғыртуға, өнерді дамытуға, сондай-ақ ұлттық рухани мұраны насихаттауға елеулі үлес қосқан мәдениет қайраткерлеріне беріледі.
Қазақстаннан актер Еркебұлан Дайыров «Театр және кино» аталымы бойынша «Келешек мұрасы» сыйлығының лауреаты атанды.