Кино орталығының үш туындысы Бішкектегі халықаралық кинофестивальде ұсынылды
2026-06-11 14:32
Бішкекте Орталық Азия елдерінің кинематографистерін біріктіретін халықаралық кинофестиваль өтуде. Биыл фестиваль бағдарламасына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген үш қазақстандық фильм енді.
«Орталық Азия фильмдері» байқау бағдарламасына «Qaitadan» картинасы қатысуда. Ал «Мұғалім» және «Сағындым сені» жобалары постпродакшн кезеңіндегі толықметражды фильмдерге арналған BARS in Progress санатында ұсынылған. Бұл бағдарлама жобаларды халықаралық фестиваль іріктеушілеріне, дистрибьюторларға, сейлз-агенттерге және әлеуетті копродюсерлерге таныстыруға мүмкіндік беріп, фильмдердің аяқталуына әрі халықаралық нарықта ілгерілеуіне жол ашады.
Байқау бағдарламасынан бөлек, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы фестивальдің ресми іскерлік бағдарламасына да қатысуда. Кино орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров Орталық Азия елдерінің мемлекеттік кино ұйымдарының өкілдері бас қосқан «Central Asian Funds, State Support and Co-Production Opportunities» («Орталық Азия киноқорлары, мемлекеттік қолдау және копродукция мүмкіндіктері») атты панельдік сессияда сөз сөйледі.
Өз баяндамасында Әділет Омаров Қазақстанның кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып жатқанын, ал Еуропа мен Азия елдерінің қатысуымен жүзеге асырылатын бірлескен жобалардың тұрақты тәжірибеге айналғанын атап өтті.
«Бұған мысал ретінде Еуропаның бірнеше елінің қатысуымен түсірілген «Победителей видно на старте» халықаралық жобасын атауға болады. Бұл фильм Қазақстанның копродукциялық жүйеге ықпалдасуының айқын көрінісі әрі халықаралық фестивальдік кеңістікте өз орнын тапқан жоба. Сондай-ақ Қазақстан мен Татарстанның бірлескен туындысы «Тарлан» фильмі өңіраралық ынтымақтастықтың тиімді үлгісін көрсетеді. Жалпы, Қазақстанның киноиндустриясы мемлекеттік қолдауды сақтай отырып, копродукцияларды дамытуға, фестивальдік стратегияны нығайтуға және тұрақты индустриялық экожүйе қалыптастыруға негізделген ашық халықаралық модельге қарай қадам басуда»,— деді Әділет Омаров.
Айта кетейік, Кино орталығының жобалары Бішкек халықаралық кинофестивалінде бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, «Joqtau» фильмі «Үздік режиссура» аталымында жеңімпаз атанса, «Әбіл» фильміндегі басты рөлді сомдаған актер Ерлан Төлеутай «Үздік актер» номинациясы бойынша жеңіске жетіп, «Қар барысы» мүсіншесімен марапатталған.