Халықаралық Канн кинофестивалі аясындағы Marche Du Film кинонарығы жұмысын тәмамдады. Оған 108 елден 5 мыңнан астам компания қатысты, оның қатарында Қазақстанның Ұлттық киноны қолдау орталығы да бар.
Palais сарайында «Kazakhcinema» стенды орнатылған болатын. Мақсаты – отандық киноөндірістің имиджін қалыптастыру, бірлескен киноөндірісті дамыта отырып, шетелдік серіктестерді тарту, сондай-ақ отандық фильмдердің танымалдығын арттыру. Сонымен қатар Қазақстан шетелдік фильмдер өндірісін субсидиялау жүйесін (рибейт) танымал етуге назар аударды. Оның құқықтық негізі ҚР «Кинематография туралы» Заңының қабылдануымен қамтамасыз етілген.
Естеріңізге сала кетейік, Канн фестивалі аясында Қазақстандағы Ұлттық кино орталығы мен Францияның және Грузияның Ұлттық кинематография және анимация орталықтарымен ынтымақтастыққа қол қойылды.