Жаңалықтар

«Алтын адам» фильмі – балалар контентіне үлес

Қазақ анимациясының қоржынына «Алтын адам» анимациялық фильмі қосылды. Өмір отын іздеп, Хан тәңірі шыңына шыққан сақ жауынгері туралы туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен биыл жарыққа шығады.

Кішкентай көрермендеріміз мұны көріп отырып, «алтын сауытты қандай адам киген?» деп ойлануы мүмкін. Сосын кім-кімнің де көз алдына үсті-басы алтынмен апталып, күміспен күптелген бай-қуатты адамның бейнесі келеді. Режиссер фильмнің өн бойына алтын адамның сырты ғана емес, жан-дүниесі, рухы да алтын болу керек деген ұстанымды сыйдырған. Бұл ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымызды, тарихи тұлғаларымызды дәріптеу, қазақша контенттің салмағын арттыру бағытындағы оң қадам деуге болады. Шығармашылық ұжым жаңа туынды арқылы балаларды ізгілікке, жан дүние тазалығына баулуды көздеп отыр.
«Алтын адам деген кезде балаларда оның ішінде қандай адам болды, оны қандай адам киді деген сұрақ туындайды. Осыған жауап ретінде біз «Алтын адам» фильмін түсірдік. Ол сырты жылтыраған, алтын-күміспен қапталған адам емес, оның жаны, іші, рухы алтын. Фильмнің негізгі идеясы – осы.

Жалпы, фильмді дайындауға қырық шақты анимация мамандары тартылды. Мультфильм 2D және кейбір кейіпкерлер 3D форматында орындалған», – деді режиссерлер.