Жаңалықтар

Кино орталығының фильмі ШЫҰ кинофестивалінің басты марапаттарының біріне ие болды

Қазақстандық «Күзгі самал» көркем фильмі Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің халықаралық кинофестивалінде басты марапаттардың бірін жеңіп алды. Туынды «Үздік сценарий» номинациясы бойынша жүлдеге ие болды.

Халықаралық кинофестиваль 16-19 шілде аралығында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы Шолпан-Ата қаласында өтті. Ауқымды мәдени іс-шара Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына және Қырғыз Республикасының Ұйымға төрағалық етуіне орай ұйымдастырылды.

Қазақстан негізгі байқау бағдарламасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Күзгі самал» фильмін ұсынды.

Картина режиссері – Әділ Мереке. Продюсерлері – Тасболат Мерекенов және Біржан Әбубәкір. Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Ғани Құлжанов және Камила Фун-Со сомдаған.

«Күзгі самал» фильмінің жеңісі отандық кинематография үшін елеулі жетістік болып, қазақстандық киноның халықаралық деңгейдегі жоғары әлеуетін тағы бір мәрте айқындады.

Айта кетейік, кинофестивальге ШЫҰ-ға мүше сегіз мемлекеттің ресми делегациялары, киноиндустрия мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Бағдарламаға ШЫҰ елдерінің ұлттық кинематографиясының заманауи даму үдерісін танытатын көркем фильмдер, 2025-2026 жылдардағы ұлттық кинотуындылар панорамасы, сондай-ақ Қырғыз Республикасының халық әртісі, белгілі қоюшы-оператор Қадыржан Қыдыралиевтің шығармашылығына арналған ретроспективалық көрсетілімдер енді.

Байқау жұмыстарын Ұйымға мүше мемлекеттердің сегіз танымал кино қайраткерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады. Қазақстан атынан қазылар алқасының құрамына Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов енді.

Кинофестивальдің ұйымдастырушысы – Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі.

Еске салайық, «Күзгі самал» – жалғыздық, ішкі күш-жігер және өмірді өзгерте алатын тосын кездесу туралы драмеди. Сондай-ақ картина 2025 жылы Бішкекте өткен XII Ұлттық «Ақ Илбирс» кинопремиясында «Орталық Азияның үздік фильмі» аталымы бойынша марапатталды. Фильм Қазақстан прокатына 30 сәуірде шыққан.