«Joqtau» фильмі Еуразия кинофестивалінде жүлделі болды
Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген «Joqtau» фильмі Алматыда өткен XVII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің лауреаты атанды. Фильм «Үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесін жеңіп алды.
Роуд-муви жанрындағы «Joqtau» фильмінде қазақ даласы мен оның түкпіріне сапарға шыққан жандардың оқиғасы суреттеледі, басты кейіпкерлер бастан кешкен оқиғалар ашық баяндалады. Фильмдегі басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исбек Әбілмәжінов, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты», «Сақтаушы» картиналары арқылы танылған, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов, сондай-ақ «Joqtau» фильмі – мансабындағы алғашқы жоба болған актриса Ирина Балкова сомдаған.
Сонымен қатар кинофестивальде Кино орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің төрағасы Досхан Жолжақсынов қазақ киносына қосқан зор үлесі үшін марапатталды.