Жаңалықтар

Отандық фильмдердің премьерасы Пусан фестивалінде өтеді

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Әбіл» және «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» фильмдерінің премьерасы Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтеді.

«Әбіл» фильмі конкурстың «New Currents» негізгі секциясында ұсынылады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қазақ ауылдарында хаос орын алады. Фильм есеңгіреп қалған тұрғындармен диалог құру арқылы дискриминация, жемқорлық пен жабайы капитализм тақырыптарын талдайды. Картина тағдыры ауқымды тарихи оқиғалармен астасқан адамдардың хикаясына негізделген. Фильмнің өндірісі халықаралық мамандардың басын қосқанын да айту керек. Жобаның негізгі қатысушыларының бірі – Сергей Дворцевойдың «Қызғалдақ» және «Айка» атақты фильмдерінің қоюшы-операторы, поляк киносының өкілі Йоланта Дильевска. Продюсері – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы АҚ. Атқарушы продюсер – Серік Әбішев. Қазақстан тарапынан дистрибуцияға жауапты продюсерлер – Сергей Әзімов, Ерлан Бекхожин («анарис» студиясы), халықаралық нарықта – Юлия Ким. Фильмдегі басты рөлдерді Ерлан Төлеутай, театр және кино актерлері Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай және Ұлан Нүсіпәлі сомдаған.

Ал «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда» фильмі ұсынылған өзекті де деректі, анимациялық және эксперименттік жобаларға бағытталған «Wide Angle» секциясында ұсынылмақ. Фильмде Лябиба есімді кейіпкер 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Немересі Алина оны Қазақстаннан Польшаға алып барып, бұл туралы фильм түсіргісі келеді. Туынды түп-тамырын танығысы келген әрбір адам үшін мағыналы және жан тебірентерлік.

Бұл – режиссер Алина Мұстафинаның дебюттік жұмысы. Картинаға қазақстандық Uvent Production кинокомпаниясы продюсерлік еткен. Бас продюсерлері – Ақжол-би Сәрсембаев пен Еркежан Мақсұт. Бұрын фильм әлемдік киногерлер қауымына ұсынылып, бірнеше халықаралық кинонарыққа қатысқан.

Айта кету қажет, Пусан кинофестивалі – жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші кино мамандарының назарын аударатын Азиядағы ең ірі кинофестиваль.