Жаңалықтар

Ұлттық киноны қолдау орталығына 5 жыл толды

Биыл атаулы мерейтой – Ұлттық киноны қолдау орталығының құрылғанына 5 жыл толды. Осы аралықта отандық киноиндустрия саласындағы қарқынды қадамға аяқ басты.

Жеткен жетістік аз емес, маңыздысы, бүгінге дейін 120-дан астам киножобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде 57 толықметражды фильм, 30 деректі фильм, 26 қысқаметражды фильм және 10 анимациялық фильм бар.
Көрермен жарқын жобаларға оң бағасын беруде.

Оған толықметражды «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Вurkit» экшн фильмі фильмдері дәлел. Бұдан бөлек, жақында прокатқа шыққан «Алматы, я люблю тебя!», «Адам и Алма» фильмдерін көрермен жылы қабылдады. Биыл қоғамның дертіне айналған лудомания тақырыбын қозғайтын «Игроманка» жобасының, Таразда лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов туралы «Капитан Байтасов» фильмінің, Алан туралы аңыз» анимациялық фильмдерінің түсірілімі жүреді.

Халықаралық деңгейде ел абыройын асқақтатқан туындылар аз емес. Былтыр әлемдік аренада қазақстандық үш фильм топ жарды. Олар Австралияда өткен Asia Pacific Screen Awards – Азия Оскары саналатын азиялық беделді киносыйлығын иеленді. Оның ішінде орталықтың тапсырысымен түсірілген Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтың «Ағайынды» фильмдері бар. Бұдан бөлек, Ташкент, Баку, Берлинде алдыңғы қатардан табылған туындылар көп.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, орталық саладағы түйткілдердің түйінін тарқатуға киноиндустрия өкілдерімен бірлесе күш салуда.
Сондай-ақ бұған дейін отандық киноиндустрияны дамытатын ортақ ереже жасақталып, конкурс ережесін өзгертуге қадам жасалды. Ол сала мамандары мен авторлар көтерген маңызды мәселелердің шешілуіне себеп болмақ. Жаңа ережелер қолданысқа енгеннен бастап байқау жарияланар күн алыс емес.

Орталық алдағы уақытта да кинотуындылардың сапасын арттырып, шығармашылық жұмыс әлеуетін ұлғайтуға мүдделі. Себебі әрбір туынды – тынымсыз ізденіс пен тыңғылықты дайындықтың ортақ жемісі.