Алматыда іріктеудің алдыңғы екі кезеңінен өткен жобалардың ашық қорғалуынан тұратын питчингтің үшінші, қорытынды күні аяқталды. Бүгін Сараптама кеңесіне деректі және анимациялық фильмдер санатындағы жобалар таныстырылды.
Еске сала кетейік, киножобалар конкурсы биылғы жылдың 1 наурызында басталды. Бірінші кезеңге электронды форматта 323 өтінім қабылданды. Ұсынылған материалдарды тексеру нәтижесінде 277 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жолданды. Іріктеудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша сценарийлер мен сценарийлік жоспарлар форматында ұсынылған 107 жоба екінші кезеңге өтті. Құжаттардың толық пакеті қаралғаннан кейін 95 жоба питчингке қатысу құқығына ие болды.
Сараптама кеңесінің мүшесі Алмас Қособаев ұсынылған жұмыстардың жоғары деңгейін атап өтіп, биылғы конкурсқа мазмұнды әрі қызықты жобалар ұсынылғанын айтты.
«Питчингке ұсынылған жұмыстардың арасында қызықты әрі болашағы зор жобалар аз емес. Копродукция саласындағы тың әрі салмақты өтінімдер де бар. Іріктеу нәтижесінде ұлттық фильм мәртебесіне лайық жобалар таңдалады деп сенемін», – деді Алмас Қособаев.
Питчинг нәтижелері мен Ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылатын жобалардың тізімі бағалау және шешім қабылдау рәсімдері толық аяқталғаннан кейін жарияланады.