Жаңалықтар

87 киножоба питчингке өтті

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық режиссерлердің 87 киножобасы 2024 жылғы питчингке өткенін, 18-20 маусым күндері ашық қорғау өтетінін хабарлайды.

Енді үздіктердің үздігі мемлекеттік қаржыландыруға ие болады және ұлттық фильмдер ретінде танылады. ⠀ Сыннан сүрінбей өтіп, шешуші кезеңге жолдама алған жеңімпаздар тізімі мен ашық қорғаудың кестесі мына сілтемеде: https://kazakhcinema.kz/kz/konkurs_2024

Айта кету керек, конкурсқа қатысуға өтінімдер сәуір айында қабылданды. Киножобаларды іріктеу конкурсына байланысты консультация жұмыстары 8 сәуірден бастап қолға алынып, телефон қоңыраулары, оффлайн кездесу және әлеуметтік желідегі кері байланыс арқылы жүзеге асты. Киноорталықтың Алматы және Астана қалаларындағы кеңселерінде жеке консультациялар, телефон арқылы, әлеуметтік желі арқылы онлайн қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

«Алдағы питчингте әділдік тұғырдан түспек емес. Барлық процесс киноорталықтың ресми YouTube-каналында онлайн-режимде көрсетіледі. Тиісінше Сараптама кеңесінің мүшелері де ұлттық киноға сүбелі үлес қосатын кинокартиналарды іріктеуге бар күш-жігерін салмақ», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.