Жаңалықтар

Ұлттық кино орталығы жақында бірінші кезеңнің қорытындысын жариялайды

Мемлекеттік қолдауға үмітті киножобалар конкурсының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Бүгін Алматыда конкурстың алғашқы кезеңі бойынша Сараптама кеңесінің қорытынды отырысы ұйымдастырылды. Жиында саладағы өзгеріс, өткен жылы енген жаңа ереже айтылды. Кеңес мүшелері киносценарийлердің кем-кетігі, ұтымды тұсын талқылады.

Айта кетейік, кейінгі жылдары Сараптама кеңесінің құрамы мен кеңес мүшелерін жасақтау ережесіне өзгеріс енді. Әділ бәсеке, тең мүмкіндікті қалыптастыру үшін біршама қадам жасалды. Мұның барлығы Кеңес мүшелерінің бейтарап шешім шығаруына ықпал етіп, тек шын мықтының оза шығуына мүмкіндік бермек.

Кеңес мүшелері келіп түскен әрбір киножобаны сараптауға тырысты. Білікті мамандар алдымен сценарийлер арасынан үздігін анықтап, айтар ойы мен берер тағылымы мол шығарманы талдады.

«Ұлттық кино ұлттық идеологияны мақсат ететіні анық. Орталық қолдауына ие болатын әрбір туындының астары терең, өресі кең сапалы шығарма болуына мүдделіміз. Бастысы, фильмдерде халқымыздың таным-түсінігі, өмірлік көзқарасы, тәлім-тәрбиесі сабақтасуы керек. Сарапшылар кеңесі де анимациялық, көркем (ойын), деректі фильм бағыттары бойынша сценарийлерді қарау кезінде осы критерийге мән берді. Өтінімдер арасында талапқа сай, көрермен күткен тақырыптарды арқау еткен шығармалар кездескені қуантты. Кейбір өтінімдерде бұған дейін жолданған сценарийлер кездескенін де айту қажет. Сценарийлер айна-қатесіз, дәл сол күйі жіберілген.

Авторларға ескерту жасау керек, себебі клишелер мен қайталау – бұрыннан жиі кездесетін дүние. Кейбір сюжеттер мен кейіпкерлер бұрыннан белгілі оқиғаларды қайталайды. Оригиналды тәсілдер мен тақырыпқа ерекше көзқарас табу маңызды. Сондай-ақ, сценарийлердің құрылымы әлсіз жағдай жиі кездесті: идеялар қызықты, бірақ драматургиялық құрылым бұзылған. Біз барлық детальдарды мұқият зерттей отырып, ашықтыққа мән бердік», – деді Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шүкенов.
Кеңес отырысы барысында Сараптама кеңесінің мүшесі, жазушы-драматург Роза Мұқанова да пікір білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі көрерменді арзанқол, жадағай дүниелермен алдай алмаймыз. Көрермен қызығатын, ойланатын шығармалар қажет. Бұл ретте Сараптама кеңесінің мүшесі ешбір автордың еңбегін еш етпей, күн-түн демей, барлығын талдап шыққандықтарын айтты.
Ұлттық кино орталығының мақсаты – ашық әрі әділ конкурс өткізу. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңі бойынша ақпараттар Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Кино орталықтың ресми сайты мен әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланатын болады.