Жаңалықтар

Қостанай облысында Кино күндерінің ресми ашылуы өтті

Қостанай облысында қазақ киносы онкүндігі басталды. Өңір көрермендеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген туындылар ұсынылады. Кино күндері Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отыр.

Бұл бастама көрермендердің, соның ішінде шалғай өңір тұрғындарының да ұлттық киноға қолжетімділігін кеңейтуге және қазақстандық талантты режиссерлердің шығармашылығымен таныстыруға бағытталған.
Онкүндіктің ашылу күні «Qaitadan» фильмі көрсетілді. Бұл туынды қазақстандық кино тарихында рекорд орнатып, мемлекеттік қолдаумен түсірілген алғашқы ұлттық жоба ретінде прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинаған фильм атанды. Көрсетілімге Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшылығы, облыс әкімдігі өкілдері, сондай-ақ фильм авторлары — режиссер Думан Еркімбек, продюсер Жалын Тілеуберген және басты рөлді сомдаған актер Жасұлан Көпберген қатысты.

«Кино күндері елімізде дәстүрлі іс-шараға айналып келеді. Екінші жыл қатарынан өңірлердегі кинозалдар ұлттық кино өнерін бағалайтын көрермендермен толығуда. Әсіресе, фильмдерімізді Қазақстанның ауылдарында да қызығушылықпен көріп жатқаны қуантады. Себебі кино — әрбір көрерменнің ортақ құндылығы, ол баршаға қолжетімді болуы тиіс. Кино күндері аясында көрсетілетін әрбір фильмнің көрерменді ойға жетелейтін өзіндік терең мағынасы бар. Бағдарламада балаларға арналған туындылар да бар. Жыл соңына дейін Кино күндері барлық өңірлерді қамтитын болады», — деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров.
Онкүндік барысында өңір көрермендері мемлекеттік қолдауымен түсірілген үздік қазақстандық фильмдерді тамашалай алады. Бағдарлама қазіргі отандық кинематографияның жанрлық және тақырыптық әртүрлілігін көрсетеді.

Айта кетейік, өткен жылы Кино күндері аясында мемлекеттік қолдаумен түсірілген фильмдердің коммерциялық емес көрсетілімдері еліміздің барлық облыстарында өтті. Көрсетілімдер облыс орталықтарымен қатар шалғай ауылдарда да ұйымдастырылып, шамамен 2 миллион көрерменді қамтыды.

Қазақстан кино күндері алдағы уақытта да еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын табады.