Жаңалықтар

«Мы здесь живем» деректі фильмі Солтүстік Америкада көрсетілді

Режиссер Жанана Құрмашеваның «Мы здесь живем» деректі фильмі Солтүстік Америкадағы ең беделді фестивальдердің бірі – Hot Docs шеңберінде көрсетілді. Фестиваль 24 сәуір мен 4 мамыр аралығында Торонто қаласында өтті. Бұл фестиваль – Солтүстік Америкадағы ең ірі және ең ықпалды деректі кино алаңы. Биыл ұйымдастырушылар әлемнің түкпір-түкпірінен 2662 өтінім қабылдаған, оның ішінен 47 елден 113 фильм финалдық бағдарламаға іріктеліп алынды.

Туындының режиссері Жанана Құрмашева болса, продюсері Бану Рамазанова. Аталған фильм экология тақырыбын ашып көрсетеді. Документалистиканы насихаттайтын жобаның мән-мағынасы, көрерменді өзіне тарту тәсілі ерекше болмақ. Шығармашылық ұжым түсірілімнің бірінші кезеңін Семейде және полигонға жақын орналасқан Саржал ауылында өткізді. Түсірілім барысында куәгерлердің шындығы, сынақтың салдары мен мұрағат материалдары қамтылған.

«Сынақ полигоны – ауқымды тақырып. Бастысы, картинада Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаны, осылайша әлемге үлгі болғаны айтылады. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таядролық қарусыз әлемді құру – Қазақстанның аса маңызды бағыты екенін алға тартқан болатын», – дейді режиссер.

Бұған дейін фильмнің әлемдік премьерасы 2025 жылдың наурызында Копенгагенде өткен 22-ші CPH:DOX халықаралық деректі кино фестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасында өткен.

Айта кетейік, 1994 жылы құрылған Hot Docs фестивалі тек Солтүстік Америкадағы ең ауқымды деректі кинофестиваль ғана емес, сонымен қатар режиссерлер мен продюсерлер үшін халықаралық деңгейдегі мойындалған платформа болып табылады. Фестиваль АҚШ Киноакадемиясымен аккредитацияланған, яғни негізгі номинациялардағы жеңімпаздар «Оскар» жүлдесіне үміткер болу құқығына ие. Сондай-ақ фестиваль Еуропалық киноакадемиямен де мойындалған, бұл өз кезегінде фильмдерге «Еуропаның үздік деректі фильмі» аталымына ұсынылуға мүмкіндік береді.