Жаңалықтар

«Таңдау» фильмі Baiqonyr фестивалінде жүлдеге ие болды

Жаннат Алшанованың режиссерлігімен түсірілген «Таңдау» фильмі Алматыда 20-25 қыркүйек аралығында өткен XI Халықаралық дебюттік және қысқаметражды фильмдер фестивалінде «Үздік дебюттік фильм» жүлдесіне ие болды.

«Таңдау» – Жаннат Алшанованың толықметражды фильмдегі дебюттік жұмысы. Картина «Accidental Films» ЖШС кинокомпаниясы тарапынан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Жоба Франция, Нидерланд, Литва және Швециямен бірлескен халықаралық копродукция аясында жүзеге асқан.

Бұл 17 жастағы Мила туралы оқиға. Өз бетінше өмір сүруге және отбасындағы қиындықтардан арылуға ұмтылған қыз ашық суда жүзу командасына қосылады. Алайда командадағы орнын жоғалту қаупі төнген кезде, Мила өз мақсатына жету үшін қаншалықты тәуекелге дайын екенін анықтауы керек.
XI Baiqonyr Film Festival аясында отандық кино саласында еңбек етіп жүрген кәсіби қауымдастық өкілдері де марапатталды. Кинотанушы әрі киносыншы, Кино орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің мүшесі Инна Смаилова Кинотанушылар форумында «Кинотану ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесімен марапатталды.

XI Baiqonyr Film Festival-інің жабылу фильмі ретінде режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» картинасы көрсетілді. Арнайы көрсетілім режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Baiqonyr Film Festival – дебюттік және қысқаметражды киноға арналған халықаралық фестиваль. Биылғы фестиваль бағдарламасында отандық және шетелдік фильмдердің байқау көрсетілімдерімен қатар, арнайы көрсетілімдер, кинематографистермен кездесулер, шеберлік сабақтары және кәсіби пікірталастар ұйымдастырылды.